Алматыда креативті экономика бойынша халықаралық конференция өтті

Жарбол Кентұлы 03 қаз. 2024 12:22 2342

 

Орталық Азияға сапары аясында креативті экономика жөніндегі Жаһандық кеңестің (Global Creative Economy Council) сарапшылары қазақстандық креативті индустрия өкілдерімен бірнеше кездесу мен стратегиялық сессия өткізді.


28 қыркүйекте «Бәрібаев 36» кеңістігінде Британ консулдығының ұйымдастыруымен және Almaty Tourism Bureau қолдауымен креативті экономика бойынша конференция өтті. 29 қыркүйекте Марков 44 мекенжайындағы Almaty Creative креативті хабында хаб резиденттерімен кездесу ұйымдастырылды.


28 қыркүйектегі конференция мемлекет, бизнес және креативті индустрия өкілдерін біріктіріп, тәжірибе алмасу мен өсудің мүмкіндіктерін іздестіруге бағытталған. 13 елден келген 15 халықаралық сарапшы зерттеуін ұсынып, әлемнің түрлі аймағында, соның ішінде Африка, Азия және Латын Америкасында креативті экономиканы дамытудың сәтті жүзеге асқан мысалдарын тілге тиек етті.

Креативті индустриядағы жаңа үрдістер мен оларды енгізудің тәжірибелік жағына баса назар аударылды.


Kingston Creative компаниясының негізін қалаушы әрі атқарушы директоры Андреа Демпстер Чанг креативті кластерлерді интеграциялау мәдени туризмнің дамуына қалай ықпал ететінін айтып берді.

Ол туристерді мәдени және шығармашылық бастамалар арқылы тартудың маңыздылығын атады. Креативті экономика жөніндегі Жаһандық кеңестің мүшесі, инновациялар жөніндегі сарапшы Джайрадж Машру конференцияда мәдениет пен шығармашылық саласын дамытуға арналған негізгі қадамдарды ұсынды.


«Біздің Алматыға сапарымыз шабыт берді. Болашақта жергілікті және жаһандық креативті индустрияны дамытатын серіктестіктер үшін үлкен әлеуетті көріп отырмыз», - деді Джайрадж Машру.
Өз кезегінде Almaty Tourism Bureau басшысы Камила Лұқпанова Қазақстанда креативті индустрияны дамытудың маңыздылығын атап, туризмді ілгерілетудегі жергілікті креаторлардың рөліне тоқталды. Оның айтуынша, креативті индустрия туризмнің ажырамас бөлігіне айналып, аймақтың экономикалық тұрғыдан өсуі мен мәдени жағынан алмасуына ықпал етуде.


29 қыркүйекте халықаралық сарапшылар Almaty Creative креативті хабының жұмысымен танысып, оның резиденттеріне өздерінің халықаралық тәжірибесін жеткізіп, креативті экономика саласындағы соңғы үрдістерді талқылады. Хаб резиденттері жобасын ұсынып, идеялар алмасып, шетелдік меймандардың ой-пікірін білді.


Іс-шара өткізудегі негізгі мақсат – халықаралық байланысты нығайту және Алматының Орталық Азиядағы креативті экономиканың орталығы ретіндегі мәртебесін растау.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар