Алматыда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі төмендеп келеді

Ақтоты Жапатова 17 қаз. 2025 12:26

Алматыда біліммен де, еңбекпен де айналыспайтын жастардың үлесі (NEET санаты) біртіндеп төмендеп келеді. 2025 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 6,4 пайыздан 5,8 пайызға дейін азайып, 39,3 мың адамға жетті. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,1 пайызды көрсетіп отыр. Бұл туралы қаланың жастар саясаты басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазір мегаполисте 14 пен 35 жас аралығындағы 712 мыңнан астам жас тұрады. Бұл қала халқының шамамен үштен бірі. Жастарды қолдау мақсатында шаһарда білім беру, жұмыспен қамту және тұлғалық даму бағытында жүйелі жұмыс қолға алынған.

Жастар саясатының басты басымдықтарының бірі сапалы білім беріп, кейін еңбек нарығында өз орнын табуға мүмкіндік жасау. Алматыда 35 жоғары оқу орны бар, онда 210 мыңнан астам студент білім алып жүр. Қалалық мансап орталығы 5 мыңнан астам жасқа бағыт-бағдар беріп, жұмысқа орналасуына жәрдемдескен. 2025 жылдың басынан бері Еңбек мобильдігі орталығы арқылы 8,4 мың жас жұмыспен қамтылған, оның 4,9 мыңы тұрақты, 3,5 мыңы субсидияланған жұмыс орындарына орналасқан.

Сонымен қатар Алматыда жастарды қолдауға бағытталған бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Skill All жобасы аясында офлайн форматта қолданбалы дағдыларға үйрету курстары өткізіледі; Jasalmaty.kz порталы арқылы онлайн-оқыту және жұмыс іздеу қызметтері қолжетімді; New Generation Leaders карьералық олимпиадасы мен жетекші жұмыс берушілер қатысатын карьера күндері ұйымдастырылады. Сондай-ақ, жастарға маусымдық жұмыс ұсынатын ұлттық «Жасыл ел» жобасы да жалғасып келеді.

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының мәліметінше, осы бағдарламалардың нәтижесінде 10 мыңнан астам жас түрлі оқыту курсынан өтіп, 18 мыңнан астамы жұмысқа орналасты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар