Алматыда жалға беруші және ивент-компаниялардың IV Орталық Азия конференциясы өтіп жатыр

Dalanews 21 қаң. 2026 14:38

Алматыда жалға беруші және ивент-компаниялардың IV Орталық Азия конференциясы өтіп жатыр. Іс-шараны Мәдениет нысандары технологиялары инженерлері қауымдастығы (АИТОК) ұйымдастырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Конференция 20 қаңтарда басталды. Жиын сахналық технологиялар, жарық, дыбыс, бейне және сахналық механика бағыттарында еңбек ететін Орталық Азия өңірінің мамандарын бір алаңға жинады.

Конференция аясында сахналық жарық, дыбыс және бейне салаларындағы заманауи шешімдер мен жаңа технологиялар таныстырылып, кәсіби тәжірибе алмасу ұйымдастырылды. Бағдарламада жарық суретшілері, дыбыс режиссёрлері, бейнеинженерлер, сахна механиктері мен монтажшыларға арналған дәрістер, шеберлік сабақтары және кәсіби байқаулар қарастырылған.


Сонымен қатар конференция шеңберінде Қазақстанда алғаш рет отандық жетекші прокат компанияларының қатысуымен панельдік сессия өтті. Онда саланың өзекті мәселелері мен 2026 жылға арналған даму жоспарлары талқыланды.

Дәстүрлі түрде жарық суретшілеріне арналған "Баскинг" байқауы ұйымдастырылды. Ал биыл бағдарламаға алғаш рет дыбыс режиссёрлеріне арналған Sound Scrap баттлы енгізілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, конференция жыл сайын сала мамандары мен көшбасшыларын біріктіретін маңызды кәсіби алаңға айналып келеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove