Алматыда екі заманауи емхана ашылады

Алматыда екі заманауи емхана ашылады
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда Бостандық ауданында әрқайсысы 500 адам қабылдай алатын екі жаңа емхана салынады. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесуінде айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz 

Бірінші емхананың құрылысы Серкебаев даңғылы мен Левитан көшесінің қиылысында басталып кетті. Оны қараша айында аяқтау жоспарланған.

Екінші емхананың құрылысы маусым айында Әл-Фараби даңғылы мен Санаторий көшесінің қиылысында мемлекеттік сараптама мақұлданған соң басталады.

Екі емхана да заманауи стандарттарға сай болады. Оларда КТ және МРТ аппараттарымен жабдықталған клиникалық-диагностикалық орталықтар қарастырылған.

Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының емханасында күрделі жөндеу аяқталды — қазір онда жайлы жағдай жасалып, заманауи құрал-жабдықтар орнатылған.

Қазіргі таңда күрделі жөндеудің соңғы кезеңінде:

  • № 4 емхананың филиалы (Орбита-2 ш/а., 29А);
  • № 12 емхана (Попов көшесі, 23) — жұмыстың 90%-ы аяқталды, нысан көктемде пайдалануға беріледі.

Аудан тұрғындары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту жұмыстары жалғасуда.