Алматыда аз қамтылған отбасыларға арнайы құрылған «Бақытты отбасының» 9 орталығы қызмет көрсетеді

Dalanews 31 там. 2021 15:44 1046

Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Назира Тоғызбаева Алматының «Бақытты отбасы» орталықтарына күн сайын 700-ден астам тұрғын келетінін алға тартты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бүгінде мегаполисте көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арнайы құрылған «Бақытты отбасының» 9 орталығы бар. Өз кезегінде Назира Тоғызбаева Алматыда 24 426 көп балалы отбасы тұратындығын айтты. Орталықтарға 4 000 адам тіркелді, 30 500 адам ақпараттық-консультациялық және ресурстық қолдау алды, 3 200 өтініш берушіге әдістемелік және құқықтық көмек көрсетілді, 3 000 тұрғын базалық тренингтерден өтті және 4 000 алматылық оқу курстарын аяқтады.

«Бақытты отбасы» орталықтарымен қатар Алатау ауданының аз қамтылған отбасыларына арналған дәстүрлі қолөнерді дамыту орталығы жұмыс істейді, оның мақсаты – атадан балаға дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, қолөнерді мұра етіп қалдыру.

– Орталықта көп балалы аналар мамандық ала алады, қазірдің өзінде 575 әйел киім дизайны, кірпік ұзарту, маникюр, құрақ көрпе тігу, тігін және массаж курстарынан өтіп жатыр, – деді Назира Тоғызбаева.

Бұл дәстүрлі қолөнер орталығына 1 200 бала келеді. Оларға домбырада ойнауды, актерлікті, биді, қолөнерді үйретеді, балалар орыс және ағылшын, вокал және хореография курстарынан өтеді. Көпбалалы отбасылардың ата-аналары жеке өсуге, көшбасшылыққа және тәрбиеге арналған тренингтерде оқытылады.

Бұл ретте қалада «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша аналарға кәсіпкерлік негіздерін үйретуге бағытталған «Іскер Аnа» жобасы, сондай-ақ «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қысқа мерзімді курстар жүзеге асырылуда.

– Мамандар көпбалалы әйелдерге жеке кәсіп ашуға және оны жүргізуге көмектеседі. Ол үшін гранттар, оқу курстары және басқа да көмек ұсынылады. Болашақта кәсіп ашқан соң, кәсіппен айналысатын аналарға қолдау көрсетіледі. Бүгінде Комиссия 757 әйелге грантты мақұлдады, – деді Назира Тоғызбаева.


Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы қарттарды қолдау үшін Алматыда белсенді қартаюға арналған тағы 9 орталық бар екенін қосты. Оларға күніне 1000-нан астам адам келеді. Мұнда оларға белсенді және салауатты өмір салты таныстырылады. Зейнеткерлер йога терапиялық сабақтарына, скандинавиялық жаяу жүру және жаттығу терапиясына қатысады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар