Алматыда әкесі өз қызын пышақтап өлтірді

Көркем Алдабергенова 23 қаң. 2026 16:04

Алматыда отбасылық жанжал адам өлімімен аяқталды. Қалалық сот шешімімен кәмелетке толмаған қыздың қазасына себепкер болған әке 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тергеу деректеріне сәйкес, марқұм қыз қытай тілін жетік меңгеріп, Қазақстанға келген қытайлық кәсіпкерлерге аудармашы болып жұмыс істеген.

Әңгімелердің бірінде ол денсаулығында күрделі мәселе барын, нақты айтқанда бүйрек дертімен ауыратынын жеткізген. Сонымен қатар өз жасын шетел азаматтарына 20 жастамын деп таныстырғаны анықталған.

Қытай кәсіпкерлерінің бірі қызға Қытайға барып емделуді ұсынған. Осы ұсыныстан кейін ол алыс сапарға дайындала бастаған.

Бұл жайтты білген ата-анасы қатты алаңдап, қыздарын шетел азаматтары алдап әкетуі мүмкін деп күдіктенген.

Қайғылы оқиға 2025 жылғы 5 сәуірде болған. Сол күні әкеcі, анасы және үлкен қыздары қытай азаматтары уақытша тұрып жатқан пәтерге барған. Олар өз күдігі бойынша алаяқтықты ұйымдастырды деп есептеген Қытай Халық Республикасының азаматы Ф.Ж.-ға шабуыл жасаған.

Ер адам соққы салдарынан орташа ауыр дене жарақатын алған.

Жанжал кезінде әке қолына пышақ алып, Қытай азаматына қарай сермеген. Алайда дәл сол сәтте алдынан туған қызы шығып, сол жақ кеуде тұсынан пышақ жарақатын алған.

Осыдан кейін ата-анасы жедел жәрдем шақырған.

Ал Ф.Ж. есімді Қытай азаматы мойнынан екі рет кесілген жарақат алып, қасындағы үш серігімен бірге пәтерден қашып кеткен.

Ауыр хәлде ауруханаға жеткізілген қызға жарты сағат бойы реанимациялық көмек көрсетілген.

Алайда дәрігерлер барлық күш-жігеріне қарамастан, оның өмірін аман алып қала алмады. Қыздың қаза тапқаны ресми түрде тіркелді.

Әкеге қатысты бастапқыда бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғалған:

адам өлтіруге оқталу;

абайсызда өлімге әкеп соққан ауыр дене жарақатын келтіру;

орташа ауырлықтағы зиян келтіру.

Алайда тергеу барысында соққыға жығылған Қытай азаматы айыпталушыға ешқандай талап-арызы жоқ екенін, онымен татуласқанын және кешіргенін мәлімдеген.

Осыған байланысты адам өлтіруге оқталу бабы істен алынып тасталды.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты ер адамды ҚР Қылмыстық кодексінің 104 және 106-баптары бойынша кінәлі деп танып, оған 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove