Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты адам ағзаларын заңсыз сатып алу және сату ісімен айналысқан тұлғаларға үкім шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz Halyqstan телеграм арнасына сілтеме жасап.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бұл атышулы қылмыстық істің қатысушыларын 2023 жылдың күзінде бірнеше өңірде ұстаған болатын. Күдіктілер қатарында тек ағза іздеушілер ғана емес, дәрігерлер мен нотариустар да болды. Алайда тергеу барысында екі ондаған күдіктінің ішінен тек екеуі сот алдында жауап берді, оның өзінде екеуі де шартты жаза алды.
Бүйрек жеткіліксіздігінен зардап шеккен Ислам Ұзақбай 2021 жылы Түркияда бүйрек трансплантациясын жасатып, кейін Алматыдағы медициналық орталықтардың бірінде ем қабылдады.
Дәл сол кезде ол донорлар мен реципиенттерді табу арқылы ақша табу идеясын ойластыра бастады. Бұл істі жалғыз өзі жүзеге асыра алмайтынын түсініп, тергеу анықтай алмаған Айман есімді азаматшамен келісімге келді.
Гемодиализ сеанстарының бірінде ол бүйрек трансплантациясына мұқтаж жігітпен танысып, оған 10 миллион теңгеге донор табуды ұсынды. Науқас жігіт алдымен отбасымен кеңесетінін айтқанымен, Ұзақбай оны көндіруге тырысты. Ол жиі хабарласып, хал-жағдайын сұрап, сеніміне кірді.
Науқастың денсаулығы күрт нашарлап, гемодиализ көмектеспей қалған кезде, ол ағасымен бірге Ұзақбаймен кездесіп, бүйрек ауыстыруға және донор іздеуге келісім берді.
Ұзақбай оларға операцияның ресми түрде және квота арқылы жасалатынына сендірді. Бірақ квотаға кезексіз ілігу үшін 10 миллион теңге төлеу қажет екенін айтты.
Осы уақытта Айман интернеттен донор іздеп, астаналық Дүйсенбай Ережені тапты. Ол 8 миллион теңге үшін бүйрегін беруге дайын болды. Айман операцияны Алматыдағы Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында ұйымдастыратынын уәде етті.
Аталған орталықта донор мен реципиент медициналық тексеруден өтіп, кейін ота жасалды. Операциядан кейін Ұзақбай донорға берілуі керек деген сылтаумен тағы 10 миллион теңге талап етті. Осылайша, алғашқы клиенті бір бүйрекке 20 миллион теңге жұмсады.
Бұдан ақша табуға болатынын түсінген Ұзақбай донор іздеумен айналысуды Ережеге ұсынды және әр бүйрек үшін 500 мың теңге төлейтінін айтты.
Осылайша, келесі клиент – Қазбек Ақсақалов пен донор – Дархан Сқабыл табылды.
Белгіленген схема бойынша олар медициналық тексеруден өтіп, Сызғанов атындағы ғылыми-зерттеу институтында операцияға дайындалып жатқан кезде полиция қызметкерлері оларды ұстады.
Сқабыл ҚР Қылмыстық кодексінің 116-бабының 1-бөлігі («Адам ағзалары мен тіндерін алуға мәжбүрлеу немесе заңсыз алу») бойынша айыпталды.
Ал бұл заңсыз схеманың ұйымдастырушысы – Ұзақбай дәл осы баптың 2-бөлігі бойынша жауапқа тартылды.
Судья Ерлан Болатов Сқабылды 2 жылға, ал Ұзақбайды 4 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесті.