Алматыда 2022 жылдан бері 88 заңсыз нысан бұзылды

Ақтоты Жапатова 19 мам. 2025 11:03

Алматыда қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен заңсыз құрылысқа қарсы бақылау жұмыстары күшейтіліп жатыр. 2022 жылдың басынан 2025 жылдың мамырына дейін қалада рұқсатсыз салынған 88 нысан толығымен немесе жартылай бұзылды. Бұл туралы Алматының қала құрылысын бақылау басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz

2025 жылы заңсыз салынған 18 ғимарат сүрілді. Олардың ішінде тұрғын үй кешендері, әкімшілік ғимараттар, жапсаржайлар, дәмханалар, көлік жуу орындары және басқа да құрылыстар бар. Ең ірі нысандар қатарында «Мечта» таунхаусы, «KHAN» ТҮК және Достық даңғылындағы 7 қабатты әкімшілік ғимарат бар.

Таулы аймақтағы заңсыз құрылысқа ерекше назар аударылды. Мұнда 38 нысанға қатысты сот шешімі шыққан, олардың 12-сі толық немесе жартылай бұзылған.

Тағы 3 нысанда құрылыс жұмыстары бастапқы кезеңде тоқтатылған.

Бұзу жұмыстары тек сот шешімі мен тиісті құжаттар негізінде, сот орындаушыларының қатысуымен жүргізіледі.

Заңсыз құрылыстарды анықтау және тоқтату жұмыстары жалғасуда.

«Заңсыз құрылысқа бақылауды күшейту – қазіргі күннің талабы. Қала инфрақұрылымына, көлік және әлеуметтік жүйеге жүктеме артып барады. Рұқсатсыз, бейберекет құрылыс тек қаланың дамуына емес, тұрғындардың қауіпсіздігіне де тікелей қауіп төндіреді. Әсіресе, таулы аймақтағы құрылысқа ерекше назар аудару қажет. Бұл аумақтар сейсмикалық тұрғыдан әлсіз әрі қауіпті аймақтар. Осындай жерлердегі заң бұзушылықтар өте ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Ең бастысы, барлық сүру жұмысы заң аясында сот шешімімен ғана жүзеге асырылып жатыр. Бұл баршаға ортақ ереже мен әділеттілік кепілі. Алматыда атқарылып жатқан бұл шаралар басқа қалалар үшін де үлгі бола алады», - деді урбанист және қоғам қайраткері Гүлмира Байғабұлова.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар