Алматыдағы көлік жүктемесі шегіне жетті. Қала көшелеріне күн сайын 1,2 миллионнан астам автокөлік шығады, оның жарты миллионы облыстан кіретін машиналар. Соның салдарынан мегаполис әлемдегі ең кептелісті қалалардың алғашқы елуіне кірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сарапшылардың айтуынша, әр жүргізуші жылына орта есеппен 50 сағаттан астам уақытын жол кептелісінде өткізеді. Бұл жағдай бір күнде пайда болған жоқ – мәселе ондаған жыл бойы қордаланып келді.
Негізгі себептердің қатарында қалаға ағылатын көлік легінің шектен тыс өсуі, тар кірме жолдар, мегаполиске бейімделмеген орталық көшелер, қоғамдық көліктің әлсіз дамуы, автопарктің күрт көбеюі және жол мәдениетінің төмендігі аталады.
Мамандар егер жүйелі реформа жасалмаса, алдағы жылдары Алматының едәуір бөлігі қозғалыссыз қалуы мүмкін екенін ескертеді. Жағдайды түзеу үшін қоғамдық көлікті түбегейлі жаңғырту, қала орталығына ақылы кіру тетігін енгізу, шет аймақтарда ауыстырып міну хабтарын салу, “ақылды” бағдаршам жүйесін кеңейту және экологиялық талаптарды күшейту қажет.
Сарапшылардың пікірінше, батыл әрі кешенді шешімдер қабылданбаса, Алматы толыққанды көлік дағдарысына ұрыну қаупінде тұр.
