Алматы қысқа дайын: 48 мыңнан астам құтқарушы мен техника толық әзір тұр

Ақтоты Жапатова 09 қар. 2025 09:56

Алматы қаласы 2025–2026 жылдардың қысқы кезеңіне толық дайындалуда. Қала әкімдігі мен Төтенше жағдайлар департаменті табиғи және техногендік сипаттағы ықтимал қауіптердің алдын алу үшін кешенді жұмыстар жүргізуде, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алматы қаласының ТЖД хабарлауынша, бүгінде қыс мезгілінде болуы мүмкін төтенше жағдайлардың салдарын жоюға 48 мыңнан астам адам, құтқару техникалары мен арнайы құралдар дайын тұр. Бұл топтың құрамына:

  • азаматтық қорғаныс күштері,

  • жедел-құтқару жасақтары,

  • коммуналдық қызметтер,

  • энергетика, жол, медицина және өзге де сала мамандары кіреді.

Мамандар қыста жиі кездесетін қауіптер – қар құрсауында қалу, көшкін, суықтан болатын апаттар, жылу жүйелеріндегі ақаулар сияқты жағдайларға жедел әрекет етуге әзір.

Қалалық деңгейдегі оқу-жаттығу: 9 сценарий бойынша дайындық

7 қараша күні Алматыда ауқымды командалық-штабтық оқу-жаттығу өтті. Жаттығу барысында төтенше жағдайларда күштердің өзара әрекеттесу алгоритмдері тексерілді.

Тактикалық жоспар аясында барлығы 9 оқу сценарийі орындалды. Олардың ішінде:

  • ЖЭО-дағы шартты апатты жою,

  • Авариялық жылумен қамту жүйесін іске қосу,

  • Зардап шеккендерді қабылдау пунктін орналастыру,

  • «Шымбұлақта» құтқару жұмыстарын жүргізу,

  • Қар көшкінінің астында қалған адамды іздеу.

Бұл жаттығулар төтенше жағдай кезінде түрлі қызметтердің үйлесімді жұмыс істей алатынын көрсетті.

Алматы тауларында 165 көшкін қаупі бар аймақ бар

Алматы қаласы ТЖД мәліметінше, қалаға қарасты таулы аймақтарда 165 қар көшкіні жүруі мүмкін учаске анықталған. Оның 33-і – аса қауіпті. Қауіптің алдын алу үшін:

  • «Қазгидромет» күн сайын дауылды ескертулер жариялап, тұрғындарды ақпараттандырады;

  • Республикалық “Қазселденқорғау” мекемесі қыс бойы көшкіннің профилактикалық түсірілуін қамтамасыз етеді;

  • таулы аймақтардағы қауіп деңгейі тұрақты бақылауда.

Жылу жүйелері - ерекше бақылауда

Қыс басталғаннан бері қаланың жылумен қамтамасыз ету нысандарына бақылау күшейтілген. Мамандар жылу желілерінің техникалық жағдайын тексеріп, ақаулардың алдын алу шараларын атқаруда. ЖЭО-ларда және магистралдық құбырларда мониторинг жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыру - басты міндет

Алматы қаласы ТЖД-ның басым бағыттарының бірі – азаматтардың қауіпсіздік бойынша білімін арттыру. Департамент жүйелі түрде:

  • мектептер мен жоғары оқу орындарында сабақтар өткізеді,

  • оқыту тренингтерін ұйымдастырады,

  • тұрғындарға ТЖ кезіндегі дұрыс әрекет ету ережелерін түсіндіреді.

Қысқы кезеңде мұндай білімнің аса маңызды екенін мамандар ерекше атап өтеді. Себебі қарлы боран, көктайғақ, газбен улану, көшкін сияқты қауіптер жиілейді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар