Алматы облысының киберполицейлері «Antifraud-орталықтың» нәтижесі жайында айтып берді

Жарбол Кентұлы 14 қар. 2024 11:40 929

Алматы облысының киберполицейлері Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша кешенді шаралар туралы айтып берді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құқық қорғау органдарының өкілдері азаматтарды киберқауіптерден қорғаудың жаңа жолдары туралы айтып, алаяқтық схемаларды жедел анықтауға бағытталған жобаларды ұсынды.

– 22 шілдеде өз жұмысын Ұлттық банкпен және ҚР ІІМ-мен бірлесіп бастаған «Antifraud-орталық» жобасын құру маңызды қадам болды. Орталық алаяқтық операцияларды тиімді анықтау және бұғаттау үшін қаржы ұйымдарын, құқық қорғау органдарын және байланыс операторларын біріктіретін платформа болып табылады. Орталық іске қосылған сәттен бастап Алматы облысы бойынша 200-ге жуық күдікті операцияға тосқауыл қойылып, жәбірленушілерге бұғатталған қаражатты қайтару бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деп атап өтті Алматы облысы ПД КПБ бастығының м.а. Нұржан Кеңесханұлы.

Жыл басынан бері өңірде 1136 интернет-алаяқтық фактісі тіркелді, ал жәбірленушілерге 40 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды.

Брифинг киберқылмыспен күресудің әртүрлі аспектілері бойынша сұрақтар қойған журналистердің үлкен қызығушылығын тудырды. Құқық қорғау органдарының өкілдері азаматтардың қаражатын қорғауға және цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздікті арттыруға бағытталған шаралар туралы өзекті ақпаратпен бөлісіп, жан-жақты жауаптар берді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар