Алматы облысының білім бөлімі маманы әділдікке жете алмай жүр

Сағыныш Сардарова 02 қаз. 2024 12:59 5403

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының білім бөлімінде еңбек еткен Зарима Қожмамбетова әділдікке жете алмай жүр, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Журналист Оңғар Қабденнің сөзінше, білім бөлімінің маманын әкесі қайтыс болғанда, әріптестері батаға жинаған 40 мың теңге үшін сот 1 жарым миллион айыппұл салып, жұмыстан босатқан.
 
«Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Есік қаласында орналасқан №2 сот қайтыс болған адамға жиналған ақша үшін 1 жарым миллион айыппұл салған. Аудандық білім бөлімінде тәрбие жөніндегі бас маман болып жұмыс істейтін Қожмамбетованың әкесі Қожмамбетов А.М 2023 жылдың 26 қарашасында ауыр науқастан (рактан) қайтыс болады.
Зариманың әріптестері, аудандық тәрбие мамандары қазақтың жөн жоралғысымен қайтыс болған адамның үйіне келіп, көңіл айтумен қатар «аз да болса көмек болсын»- деп, 3000-5000 теңге арасында қаражаттарды Зариманың каспи голд картасына аударады. Ең қызығы, бата жасамаған бір топ мұғалім Антикорға арызданған», - деп жазды журналист.
Мәліметке сүйенсек, арызды тексерген Алматы облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің қызметкері осы істі сегіз ай тергеп, қылмыс құрамы жоқ (дәлелденбегендіктен) деп, құқық бұзушылықтың бар жоғын анықтау үшін сотқа жібереді.
 
«Арызданған адамдардың ешқайсынан З-ның банк картасына ақша түспеген. Сот 22. 07.2024 жылы әкімшілік құқықбұзушылық бойынша Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы №2 сотында судья Султанова Айнур Пердекожаевнаның басшылығымен білім бөлімінің сенімді өкілі Дюсембаева Галия Муратбекқызы (өмірі білім бөлімінде жұмыс істемеген мүлде танымайтын тұлға) А. Байтұрсынов мектебінің тәрбие маманы Құмарбекова Сәулемен бірге Қожмамбетованың қатысуымен онлайн сот өтеді. Сот бір жақты шешім қабылдап, қылмыс құрамы дәлелденбеген, тәрбие маманы Зариманың ақша сұраған, немесе бопсалаған бір ауыз сөз немесе жазбасы жоқтығына қарамастан Заримаға 1 млн 550 мың 640 теңге штраф салады. Арызданған адамдар ешқайда жұмыс істемек түгілі, кім екені белгісіз, тіркеуде жоқ кісілер болып шыққан. Сотқа куәгерлікке келген 20 тәрбие жөніндегі орынбасарды судья сотқа қатыстырмай қойған!» - деді ол.
 
qaz365.kz мәліметінше, Зарима Қожмамбетова Астанаға келіп, әділдік іздеп жүр. Істі болған ол сотқа заңсыз тартылғанын мәлім етіп, Астанадағы шенділермен кездесуге барған.
 
«25 қыркүйек күні мені жұмыстан жаламен шығарып жіберді. Мұнда келген себебім – жұмысқа қайта тұруым керек. Мен Еңбекшіқазақ ауданының Білім бөлімінде осы уақытқа дейінгі болып жатқан қылмыстардың бәрін алып келдім. Соның бәрін көрсетемін. Қазірге дейін Білім бөлімінде әртүрлі құйтырқы істер жүріп жатыр. Атап айта аламын! …Осы күнге дейін қылмыстарын айтқаным үшін маған жала жабылып отыр», – дейді ол.
 
Енді қайтадан жұмысқа орналасу үшін Зарима Қожмамбетова Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевпен кездесіп, мәселе көтергісі келеді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар