Қаскелеңде иттер тобы 52 жастағы әйелді талап тастаған. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кадрлардан шамамен сегіз иттің жерде жатқан әйелге жабылып, талағаны көрінеді. Алматы облысы полициясының хабарлауынша, жәбірленушіге медициналық көмек көрсетілген. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жұмыс істеген. Құқық қорғау органдары жануарлардың иесін анықтады, ол 60 жастағы ер адам болып шықты. Ол қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Еске салайық, былтыр мамырда Алматы облысында дәл осындай жағдай болған еді.
Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты ауылда 10 жастағы баланы екі қабаған ит талап, ауыр жарақаттады. Оқиға 30 мамырда болған.
Оқиғаның басты куәгері әрі баланы құтқарып қалған ауыл тұрғыны, зейнеткер Серікбек Сақайбековтың айтуынша, сол күні көлігімен жолаушы әйелді үйіне жеткізу үшін бара жатқанда, бір топ баланың шулап, жан-жаққа қаша жөнелгенін көрген.
Қазір 10 жастағы бала Қарасай аудандық орталық ауруханасында ауыр жарақатпен ем алды.
