Алматы облысында мемлекеттік рәміздерді қоқысқа тастағандардың үстінен қылмыстық іс қозғалды

Қаракөз Амантай 04 қар. 2024 09:23 2388

Алматы облысында мемлекеттік рәміздерді далаға тастаған белгісіз тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Әлемжеліде қоқыста жатқан рәміздердің видеосы тарады. Автордың айтуынша, видео Талғар ауданындағы Еркін ауылында түсірілген. 

"Бұл – тек заң бұзушылық емес, елімізге және оның рәміздеріне көрсетілген құрметсіздік. Біз мемлекеттік органдарға жүгініп, тергеу бастауын және кінәлілерді анықтауын талап етеміз. Сонымен қатар мұндай жайт енді қайталанбауы керек", – деді автор. 

Желі қолданушылары да болған жағдайға наразылық білдіріп, мемлекеттік рәміздерді жоюдың арнайы тәртібі бар екенін ескертті.

Талғар ауданы әкімдігі бұл оқиға жекеменшік қоқыс полигонында, Қайнар ауылдық округінде болғанын мәлімдеді. Рәміздер қоқыстан шығарылғаны да айтылды.

“Жергілікті атқарушы орган қызметкерлері қоқыс орнын тексеріп, мемлекеттік рәміздермен бірге колледж құжаттарын тапты. Рәміздер қоқыстан шығарылып, жою жұмыстары мемлекеттік стандарттарға сәйкес жүргізіледі,” – делінген әкімдік мәлімдемесінде.

Сонымен қатар, ведомство өкілдері рәміздердің Талғар ауданындағы мекемелерге тиісті еместігін хабарлады.

Қазіргі уақытта полиция қылмыстық іс қозғап, кінәлілерді анықтау жұмыстарын жалғастыруда.

Мемлекеттік рәміздерді қорлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір Талғар аудандық полиция қызметкерлері мән-жайды анықтау үшін тиісті шаралар қабылдап жатыр. Кінәлілерге қатысты тиісті шара қолданылады, – делінген полиция хабарламасында.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар