Алматы облысында карантин режимі күшейтілді

Dalanews 07 мау. 2020 05:02 752

Алматы облысында сауда үйлері қайтадан жабылуда. Қоғамдық шаралар өткізуге қатаң тыйым салынады. Қоғамдық көліктер тек таңертең және кешке жүреді.

«Жетісу» ТРК-нің хабарлауынша, облыстың бас санитарлық дәрігері Қайрат Баймұхамбетов бұл қажетті шара екенін айтты. Облыста ауру деңгейінің өсуі әлі де байқалады.

Бүгінгі күні Алматы облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдардың жалпы саны 400-ден асады. Соңғы бір аптаның ішінде ауру көрсеткіші 4,5 пайызға дейін өсті. Карантин босаңсығанға дейін бұл көрсеткіш 2,5 пайызды құрады. Жағдай азаматтардың санитарлық нормаларды сақтамауы салдарынан нашарлады.

– Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері ретінде мен карантин режимін күшейтуге мәжбүрмін. Яғни, аудандар мен қалалар арасындағы санитарлық посттарды қайтару, жекелеген нысандар мен сауда үйлерінің жұмысына тыйым салу керек. Қоғамдық көліктердің қозғалысы шектеулі болады – ондағы адамдар маска режимін сақтамай жүр. Бассейндер мен субұрқақтар жабылады. Сондай-ақ, вирус қаупіне байланысты Қапшағай су қоймасының жағасында демалыс орындарын ашуды тоқтата тұру жоспарлануда, – деді Қайрат Баймұхамбетов.

Қазір қалалық және аудандық мобильді топтардың тиімділігін тексеретін санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, облыс әкімдігі мен прокуратурасының өкілдерінен, сондай-ақ полиция бөлімінен бірлескен мобильді топ құрылуда.

Заң бұзушылықтар үшін 5-тен 500 АЕК-ке дейінгі сомада айыппұл салынады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар