Алматы облысында жылыту маусымына дайындық қарқынды жүріп жатыр

Жарбол Кентұлы 12 қыр. 2024 18:53 2937

Алматы облысында жылыту маусымына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Алматы облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының өкілі Ержан Бейбітұлының айтуынша, облыс бойынша 43 қазандықтың жөндеу жұмыстары аяқталып, олардың қуаттылығы мен тиімділігі артты.


Іле ауданының Боралдай және Байкен ауылдарындағы қазандықтарды жаңғыртуға қосымша қаржы бөлініп, жұмыстардың 50%-ы аяқталды. Аталған 5 қазандықтың жұмысы қазан айында аяқталады деп жоспарланған.


Сонымен қатар, тұрғындарға қажетті 714 мың тонна көмір жеткізу үшін келісімшарттар жасалды. Қазіргі уақытта өңірге 125,1 мың тонна көмір жеткізіліп, орташа бағасы тоннасына 18 500-23 000 теңгені құрайды. Көмір сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында барлық операторлар қатаң қадағаланады», – деді Ержан Бейбітұлы.

Сондай-ақ өңірде электрмен жабдықтау желілерін жаңарту да белсенді түрде жүзеге асырылуда. 1 185 км электр желісін жөндеу жоспарланып, оның ішінде күрделі жөндеудің 85%-ы, ағымдағы жөндеудің 75%-ы аяқталған. Бұл шаралар желілердің тозуын 5%-ға төмендетуге және тұрғындарды тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етуге бағытталған.

Ал облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Мирас Нұрбайұлының сөзінше, өрт қауіпсіздігін күшейту мақсатында әлеуметтік осал топтардың үйлеріне көміртегі тотығын анықтайтын 787 датчик орнату жұмыстары жүргізілуде.

«Бұл шаралар тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға және жылыту маусымының кедергісіз өтуіне бағытталған. Датчиктер әлеуметтік осал топтардың үйлеріне тегін орнатылады. Онымен қатар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді төтеншелік маман.

Айта кету керек, өңірде қазандықтардың тиімділігін арттыру мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бұл шаралар қысқы маусымның кедергісіз өтуіне септігін тигізбек.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар