Алматы облысында жекеменшік тұрғын үйде жарылыс болып, салдарынан бір әйел мен үш бала зардап шекті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
КТК телеарнасының мәліметінше, оқиға таңсәріде Екпінді ауылында болған
Үй иесінің айтуынша, ол таңертең аулаға шыққан сәтте үйдің ішінде қатты жарылыс естілген. Соның салдарынан баспана шатыры ұшып, қабырғалары қирап, өрт шыққан. Үйінді астында оның жұбайы мен үш ұлы қалып қойған. Ер адам оларды өз күшімен құтқаруға кірісіп, кейін көршілері көмекке келген.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқыс жағдай балалардың бірі газды қосып, сіріңке жаққан кезде болған. Сол сәтте қатты жарылыс тіркелген.
Зардап шеккен әйел мен балалар түрлі деңгейдегі ауыр күйік, сүйек сынуы және бас жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер олардың жағдайын "тұрақты ауыр" деп бағалады.
Газ қызметі жер асты құбырында шынымен газдың шығуы болғанын растады. Ақау анықталып, уақытша жойылған. Алайда дәл осы ақау жарылысқа себеп болды ма, жоқ па - әзірге белігісіз.
