Алматы облысында экс-прокурорлар мен полицейлер мектепте сабақ береді

Қаракөз Амантай 11 там. 2025 13:20

Жаңа оқу жылынан бастап Талғар ауданындағы 10 мектеп пен 3 колледжде құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған арнайы жоба іске қосылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бағдарлама аясында зорлық-зомбылықтың, буллингтің және құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша дәрістер өткізіледі.

Сабақтар 7–10-сынып оқушылары мен колледж студенттеріне арналған. Оларды прокуратура мен полицияда еңбек еткен тәжірибелі мамандар жүргізеді. Жылына – 36 сабақ, екі аптада бір рет өтеді.

“Бұл – балаларға өз құқықтары мен міндеттерін дұрыс түсінуге, заңға құрметпен қарауға және даулы жағдайларда дұрыс шешім қабылдауға көмектесетін бастама”, – деді Балалар құқығын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.

Пилоттық кезең аяқталғаннан кейін жоба еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасын табады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар