Алматы облысында 6 журналиске жаңа пәтер кілттері тапсырылды (фото)

Dalanews 28 мау. 2018 08:30 812

 Облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің қызметкерлері қатарындағы 6 журналиске қос газеттің 100 жылдық мерейлі тойы мен Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне арналған салтанатты шарада жаңа пәтер кілттері берілді, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жиында құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Амандық Баталов облыстық екі газеттің ақпарат кеңістігіндегі олардың рөліне тоқталып өтті.

- Бүгін «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің 100 жылдығына арналған салтанатты кеш журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында аталып, қос қуаныш қатар келіп отыр. Сондықтан барша журналистерді төл мерекелерімен құттықтап, шығармашылық табыс тілеймін! Бұл екі газет өзінің ғасырлық ғұрымында қандай дәуірді, қандай кезеңдерді бастан кешірсе де, мақсат-мүддесі өзгерген жоқ, - деді А. Баталов.



Журналистер қауымына әріптестік байланысы үшін ризашылығын айта келе:

- Сөздің қуаты, журналистиканың қайраты қашанда мықты. Бұқаралық ақпарат құралдары қашанда халық пен биліктің арасындағы алтын көпір болып келеді.
Мемлекеттік саясатты, ел ішінде жүргізіліп жатқан ірі реформаларды, рухани жаңғыру қадамдарын халыққа жеткізуде БАҚ бізге зор қолдау көрсетіп отыр.

Сол үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін! Басты байлығымыз – Тәуелсіздікті нығайту жолындағы еңбектеріңіз жемісті, қаламдарыңыз қарымды, мерекелеріңіз құтты болсын! – деді өз сөзінде облыс әкімі.

Бұдан әрі марапаттау рәсіміне көшкен облыс басшысы А. Баталов алдымен ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреевке, аға тілші Қуат Қайрабаевқа, жауапты хатшы Гауһар Дүйсенбаеваға, сол сияқты «Огни Алатау» газетінің меншікті тілшісі Танзиля Мұхтарова мен Василий Воробьевке тақты. Сондай-ақ бір қауым тілшілер облыс әкімінің Құрмет грамотасын және Алғыс хатын, «Нұр Отан» партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісін алды.

Сонымен қатар облыс әкімі А. Баталов облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің 6 журналисіне пәтер кілттерін ұсынды.

Сондай-ақ Қазақстан журналистер одағының «Қазақстанның Құрметті журналисі» төсбелгісі «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахымға, «Огни Алатау» газеті бас редакторының орынбасарлары Забира Сайділдина мен Виталий Пекельникке «Өлке тынысы» ЖШС бас директоры Мейрам Жанәділов тапсырды.
Ал Қоғамдық марапаттар мен атақтар жөніндегі республикалық кеңестің «Қазақ журналистикасының қайраткері» медалімен бірқатар ардагерлер мен газеттердің тәжірибелі тілшілерін кеңес төрағасы Марат Тоқашбаев марапаттады.

Марапатталғандар қатарында «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов пен «Өлке тынысы» ЖШС бас директорының орынбасары Болат Абаған да бар.

Жаңа баспанаға ие болғандар атынан «Огни Алатау» газетінің тілшісі Татьяна Демидова мен жетісулық Асыл Сұлтанғазы сөйлеп, облыста журналистердің жұмыс істеуіне жайлы жағдай жасалып, газеттердің материалдық-техникалық базасы жақсарғанын, баспана мәселесінде де қолдау көрсетіліп отырғанына алғыс айтты.



Жиында Қазақстан Журналистер академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев пен ҚР Құрметті журналисі Мамадияр Жақып сөз сөйлеп, облыстық газеттердің 100 жылдығымен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.

Өз кезектерінде мерейтойлық екі газеттің бас редакторлары Атсалим Идигов пен Әміре Әрін қалам иелеріне құрмет көрсетіп, сапалы жұмыс атқаруына қолайлы жағдай туығызып, қамқорлық танытып отырған облыс басшылығының атына ерекше ризашылықтарын білдірді. Бұдан былай да мемлекеттік ақпараттық саясатты ілгерілетуде лайықты үлес қосатындықтарына сендірді.

Шара соңы мерекелік концертпен және салтанатты кешкі аспен жалғасты.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар