[caption id="attachment_18667" align="alignright" width="428"] Ермұрат Бапи[/caption]
Ауылда иесіз қалған құлазыған үй. Сылағы түсіп, кетеуі кете бастаған. Бір кездергі мәуелі бау-бақшасы мен бала-шағаның у-шуы арылмайтын ауласын арам шөп басып кеткен. Қора-қопсығында кезбе кесірткі мен қарағаштың бұтағына қонған қара қарғадан басқа тірлік иесі көрінбейді. Үйдің есігінде құлып тұр...
Бұл – Қуаныш ауылында (Зайсан) әке-шешеме арнап, мен салған үй. Өзімнен кейінгі он бір бауыр-қарындасым осында өсті. Үйді өзім салсам да, мұнда мен қонақ ретінде ғана келетін едім. (Мектепті нағашыларымның қолында Қарабұлақ ауылында бітірдім; одан соң Зайсанда аудандық газетте істедім; одан кейін үш жыл теңіз әскеріне кеттім; әскерден келе сала – бес жыл универститет; бес жыл Өскемендегі жеке тұрмыс; кейіннен отбасыммен Алматыға қоныс аудардым...).
Қазақтар – «қара шаңырақ», орыстар – «отчий дом» дейді. Сол үйімнің ендігі кеспірі – осы. Ініміз екеуіміз екі жыл жүріп, әр кірпішін өз қолымызбен саманнан құйып салған үйімнің кетеусіз кейпі іші-бауырымды езіп жібергендей болды. Еріксіз көзіме жас алып, өңешіме кептелген өксікті жұта алмай ұзақ тұрдым. Қасыма ерген Ерғабит досым да: «Еһ, заман-ай!...» деп, бір кемсеңдеп алды...
Бұдан 26 жыл бұрын анам еккен көпжылдық гүл (суретті ашып қараңыз) ғана сарғайған сағыныштың реңіндей боп, жайқалып тұр. Қорғаннан аттап баруға дәтім бармады: мүлгіген тыныштық пен ширек ғасыр бұрынғы естелікті үркітіп алмайын дедім.
Енді кімге, неге налимын? (Айтпақшы, Алматыда жатып, иен қалған үйім есіме түскен сайын, қара шаңырақты тастап кеткен інімді талай рет қамшылап алдым. Одан қайыр қайсы? Ол байғұс та (?) жұмыссыздықтан сенделіп, иен қалған ауылдадағы итшілеген тірліктен қалаға қашуға мәжбүр болғанын біле тұрсам да, менен талай-талай сөз естіп жүр. Осыдан Алматыға бара салып, оны отбасымен кері көшіргім келеді. Бірақ Алла да, Ақорда да әдірам қалдырған бұл ауылдан ол не іздейді?).
Бұның бәрін неге жіпке тізгендей айтып отырмын?
Айтатын себебім – Қуаныш ауылында мұндай иен қалған үйлер тұтас көше-көше боп, қаңырап тұр. Кезінде орталық болған біздің көшеде жүзге тарта үйдің онға толар-толмасында ғана тіршілік қалған. Бұл ауылда бір кездері 40 мың қой баққан кеңшардың халқы тұрды дегенге дәтің бармайды. Бір жылдары бір-бір колхоздың орталығы болған маңайдағы Көкжыра, Біржан, Ақарал ауылдарындағы жағдай да осының аржақ-бержағы: үдере көшкен ел, күйзелген ауыл, қаңыраған үйлер.
...Оралханның кеңес кезінен қалған көк тракторы тар-тар отала жөнелмегенде, Қуанышта тіршілік тоқтап қалғандай екен. Мен аңыраған ауылдан ано-о-у-у жылдарғы арқа-жарқа ағайындарымды таба алмай, Зайсандағы қонақ үйге түнеуге қайттым. Жол бойы жыладым-ай кеп-кеп-кеп...
Автордың Фейсбуктегі парақшасынан алынды