Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы аптасында ондаған талапкер ереже бұзғаны үшін тесттен шығарылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, осы уақыт аралығында барлығы 86 заңбұзушылық тіркелген. Оның ішінде 46 талапкер смартфон, смарт көзілдірік, микроқұлаққап және шпаргалка секілді тыйым салынған заттарды аудиторияға алып кірмек болған. Соның салдарынан олар тестілеуге жіберілмеді.
Ал тағы 40 талапкер тест кезінде ережені бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың ҰБТ нәтижелері жойылған.
Биылғы ҰБТ 10 мамырда басталды. Қазірге дейін тестілеуге 41 мыңнан астам адам қатысқан.
Талапкерлердің басым бөлігі — 67 пайызы тесті қазақ тілінде тапсырған. Орыс тілін 33 пайыз таңдаса, 103 адам ағылшын тілінде тест тапсырған.
Алғашқы аптаның қорытындысы бойынша қатысушылардың 57 пайызы шекті балл жинай алған. Орташа нәтиже 58 балды құрады. Ең жоғары көрсеткіш — 138 балл.
ҰБТ 10 шілдеге дейін жалғасады.