Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов республикалық бюджеттің атқарылуын қорытындылай келе, мемлекеттік қаржыны басқару жүйесінде бірқатар түйткіл сақталып отырғанын айтты. Оның сөзінше, анықталған мәселелер бойынша 26 негізгі ұсыныс әзірленіп, олар алдағы уақытта заңнамада көрініс табуы тиіс, деп хабарлайды dalanews.kz.
Смайылов ең алдымен мемлекеттік органдардың бюджеттерді нақтылаусыз өзгерту тетігіне тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі қолданыстағы норма бюджет параметрлерінің бастапқы нұсқасынан айтарлықтай ауытқуына жол беруі мүмкін.
“Егер түзетілген бюджетке қатысты есептесек, небәрі сегіз түзетудің негізінде бастапқыда бекітілген бюджетті толығымен қайта бөлуге болады. Іс жүзінде жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша мұндай қайта бөлу көлемі 90 пайызға дейін жетті. Осыған байланысты мұндай түзетулердің көлемін шектеп, олардың Парламенттің бақылауында болуын қамтамасыз ету қажет деп есептейміз”, – деді Әлихан Смайылов.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы қазіргі жағдайда блоктық бюджеттеу тетігінің тиімділігі де шектеулі екенін айтып, пилоттық негізде енгізілген мемлекеттік органдардың жұмысына толық талдау жүргізуді ұсынды.
Сонымен қатар ол мемлекеттік борышты басқару жүйесін жетілдіру қажеттігін көтерді. Оның пікірінше, қарыз алу тиімділігі тек қаржы тартумен емес, нақты экономикалық нәтижемен бағалануы керек.
“Қарыздарды тарту еңбек өнімділігінің артуына, экспорттың өсуіне және салық түсімдерінің көбеюіне қаншалықты ықпал еткенін бағалау қажет”, – деді ол.
Әлихан Смайылов Ұлттық қор қаражатының жұмсалуына қатысты цифрлық бақылауды күшейтуді де ұсынды. Оның айтуынша, қаражаттың қозғалысы жоспарлау кезеңінен бастап нақты нәтижеге дейін толық цифрландырылуы тиіс.
“Мониторинг қаражаттың жай ғана игерілуіне емес, сапалық нәтижелерге негізделуі керек. Мысалы, тозудың азаюы, өндірістік қуаттың кеңеюі, халықты жұмыспен қамту, қызмет көрсету сапасының артуы және салық түсімдерінің өсуі сияқты көрсеткіштерге басымдық берілуі қажет”, – деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Сондай-ақ ол «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында кәмелетке толған азаматтардың пайдаланылмай жатқан қаражатын инфляциядан қорғау үшін инвестициялау мәселесін көтерді.
“Мұндай тәжірибе қазірдің өзінде зейнетақы активтері бойынша қолданылып келеді”, – деді Әлихан Смайылов.
Сөз соңында Жоғары аудиторлық палата төрағасы бюджеттен тыс қаржы ағындарының ашықтығын арттыру, мемлекеттік тапсырмаларды қалыптастыру тәсілдерін қайта қарау және квазимемлекеттік сектор қызметінің тиімділігін азаматтардың әл-ауқаты мен экономикалық өсімге қосқан үлесі арқылы бағалау қажеттігін атап өтті.
“Барлық жүйелі мәселе бойынша біз 26 негізгі ұсыныс әзірледік. Ұсынылған шаралар мемлекеттік ресурстарды пайдалану тиімділігін және тұтастай алғанда мемлекеттік басқару сапасын арттыруға мүмкіндік береді”, – деп түйіндеді Әлихан Смайылов.