Алматы облысының Қарасай ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында өзін алып қашты деп жалған видео түсірген қызға қатысты әкімшілік іс қаралды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
2026 жылғы 15 қаңтарда шамамен сағат 20:00-де қыз «TikTok» әлеуметтік желісінде өзіне қатысты ұрлап кету фактісі орын алғаны жөнінде бейне жазбаны жариялағаны анықталды.
Аталған бейнежазба әлеуметтік желі парақшасында таралып, қызды мәжбүрлеп некеге тұрғызу белгілері бар бейнематериал ретінде ұсынылған.
Сот отырысында азаматша К. өз кінәсін толық мойындап, бейнежазбаны көп қаралым жинау мақсатында салғанын, жасаған әрекетіне өкінетінін түсіндірді.
Іс материалдарын зерделей келе, сот азаматша К.-ның әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері жоқ, алайда әкімшілік құқық бұзушылық құрамы бар деген қорытындыға келді.
Сот қаулысымен азаматша К. Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 456-2-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Видео авторы әкімшілік құқық бұзушылықты алғаш рет жасағаны және жасаған әрекетіне өкінетінін ескере отырып, айыппұл сомасы 30 пайызға қысқартылып, түпкілікті төлейтін сома 60 550 теңгені құрады.
Қаулы заңда күшіне енген жоқ.
