Әлия Назарбаевамен жұмыс істеген визажист ел естімеген жайтты айтты

Әлия Назарбаевамен жұмыс істеген визажист ел естімеген жайтты айтты
Фото: ашық дереккөзден

Белгілі визажист Роберт Минасян Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасымен жұмыс істеген кезеңі туралы айтып берді. Ол бұл жайында журналист әрі блогер Рустам Солнцевтің блогында сөз қозғаған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Минасянның айтуынша, шамамен 20 жыл бұрын оны арнайы Алматыға шақырып, Әлия Назарбаеваға макияж жасау ұсынылған. Алайда сапар бір күндік жұмыспен шектелмей, бірнеше күнге созылған.

"Мені арнайы алдыртып, бес түнге қалдырды", – деді визажист.

Оның сөзінше, сол күндері түрлі кештер мен басқосуларға қатысып, Назарбаевтар әулетінің жақын ортасында болған.

"Бес түн қатарынан өте қызу қыдырдық", – деп еске алды Роберт Минасян.

Визажист сол сапар кезінде алғаш рет Birkin сөмкесін көргенін де айтып, сол кездегі сән-салтанат пен байлықтың ауқымы өзіне ерекше әсер еткенін жеткізді.

Минасян атқарған жұмысы үшін қомақты сыйақы алғанын да жасырмады. Оның айтуынша, Әлия Назарбаева бір макияж үшін «ондық» төлеген. Алайда сөздің нақты қай валюта туралы болғанын ол нақтыламаған.

Роберт Минасян 1990-жылдардан бері гримёр және визажист ретінде еңбек етіп келеді. Ол кәсіби мансабында бірнеше елде жұмыс істеген. Қазір Калифорнияда тұрады. Оның қызметін АҚШ, Ресей, Армения және Германиядағы шоу-бизнес өкілдері пайдаланған.