Алғыс арқалаған азамат

Dalanews 01 сәу. 2016 00:27 1250

Әрбір бала үшін ананың орны ерекше екендігін айтып жатудың өзі артық. Бұл өмірде анаңды арқаламасаң, кімді арқалайсың?!. «Жұмақ – ананың табанының астында» деп Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз тегін айтпаған. Өйткені Құдайдан кейінгі құдірет иесі, ол – Ана. Адам – адам болғысы келсе, ең алдымен анасын қастерлеуі тиіс. Анаға тірі кезінде қызмет ет, қадірін біл! Сонда ертең өкінбейсің. Бұл өмірде таңғаларлық жайттар көп, егер адам баласы шын көңілмен анасына, жақынына көмектесемін десе, Алла тағала оны жақсы адамдарға жолықтырып, жолын ашып қояды екен. Осыдан біраз бұрын қарт анамның тісін емдетемін деп құлын жүрек шырылдап жүрген кезде Тәңірім бізді асылдың сынығы, тектінің тұяғы, медицина ғылымының докторы, профессор Мақсұт Темірбаевқа жолықтырды. Жаны жайсаң, жомарт, алдына барсаң қолынан келгенше көмек беруге тырысатын асыл аға өтінішімізді жерге тастаған жоқ. Қарт анамның емделуіне қол ұшын созып, балаң жүрегімізді ұмытылмастай риясыз ризашылыққа бөледі. Біз бүгінгі тақырыпта профессор, академик, ең бастысы, халықтың алғысына бөленіп жүрген Мақсұт Әбуұлы туралы сөз қозғағанды жөн санадық.

 

Тектінің тұяғы, асылдың сынығы

Қазақта «тектінің тұяғы», «асылдың сынығы» деген ұғым бар. Ол әдетте ұлағатты өмір сүрген адамның ұрпағына қарап айтылады. Оған былайғы жұрт сол асыл бейненің көзі ғой деп құрметпен қарайды. Мақсұт аға – Батыс Сібірдің бас имамы болған, кезінде жерді отарлауға қарсы халық қозғалысын ұйымдастырған, есімі тек Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарына ғана емес, күллі Алаш жұртына, қала берді бүкіл Одаққа танымал әйгілі Марал Ишан Бабаның тұқымы. Марал Ишан қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының туған нағашы ағасы. Өз кезегінде Марал Ишан Сыр мен Қыр еліндегі көптеген жақсы-жайсаңдармен сыйлас, сырлас, өте беделді адам болған. Ол ұлт-азаттық көтерілісіне қатысып, орыстармен соғысып қана қоймай, халықты да емдеген, Қыр мен Сыр елінде мешіт-медресе салдырып, қазақтардың сауатын ашқан, елін Ислам дінінің құндылықтарымен таныстырып, имандылық жолына бастаған, халықты егіншілікпен айналысуға шақырған жан. Ол қазақ халқының рухани тәуелсіздігін сақтап қалуға барынша күш салды. Қазақ жерінің солтүстігінде туылған Марал Ишан Ресей отаршыл саясатымен күресе жүріп, Сыр бойына келіп, тұрақтайды. Саяси күресте жеңе алмасын сезген ол қазақ халқының рухани тәуелсіздігін сақтап қалуға күш салады. Ол дін істерін Ресеймен емес, Бұхарамен байланыстырғанды жөн санады. Бұл әрекет өз жемісін берді. Қазақ даласының оңтүстік өлкесінің халқы діни қызметкерлерді Бұхара қаласында оқытуды қолға алды. Бұл әрекет Сыр өңірінде кеңінен етек жайды десек, артық айтқандық емес. Оған Марал Ишан әрекеті тікелей ықпал еткеніне дау жоқ. Бұхара қаласындағы медреселерде оқып, қазақ арасына қайта оралған тұлғалардың қазақ халқының рухани өсуінің кезекті баспалдағының бірі болғаны анық.

Ал Мақсұт ағаның әкесі – Әбу Темірбаев 1908 жылы туған, жастайынан жетім қалып, туыстарының қолында өскен. Өзінің өте ауыр да қиын жастық шағында, 4-ақ сыныптық білімі бола тұра, 1938 жылы Алматыда совхоз директорлардың 6 айлық курсын бітіріп, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ол Қостанай облысы Қарабалық сүт-ет совхозының директоры болған. 1941-1945 жылдары соғысқа қатысып, Жеңіс күні туғанша қан майданда от кешкен. Ұлы Отан соғысы, Қызыл жұлдыз ордендерімен, «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған. Соғыстан кейін Әбу Темірбаев халықтық шаруашылықта еңбек етіп, ұзақ уақыт бойы Қарабалық ауданының Саламат селосын басқарған. Бірнеше рет ауылдық, аудандық, облыстық кеңес депутаты болып сайланған.

 

Қолы алтын дәрігер

Осындай текті ұрпақтың тұлпар ұлы әрі ұлағатты әкенің тәлімін көрген Мақсұт аға бүгінде тегіне кір келтірмей, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүр. Қазақстан Стоматологтар қауымдастығын 1991 жылы құрып, бірінші төрағасы болған. Дүниежүзілік Стоматологтар қауымдастығы халықаралық стоматология академиясының академигі Мақсұт Темірбаевты былайға жұрт жақсы біледі десек, артық айтқандық емес. Бүгінде Мақсұт Әбуұлы қала тұрғындары мен республикамыздың түкпір-түкпірінен келіп халық ем қабылдайтын «Алмагест» стоматология орталығын басқарып отыр. Мәкең – өте тәжірибелі, өз ісіне берілген еңбекқор маман. Тіпті көпшілік оны «қолы алтын дәрігер», «алғыс арқалаған азамат» деп құрметтейді. Өйткені талай сырқаттың сауығуына себепші болған Мәкең күллі саналы ғұмырын медицина саласына арнаған жан.

Мақсұт Әбуұлының өмір, еңбек жолдарын зерделер болсақ, ол 1946 жылы 7-сәуірде Қостанай облысы Қарабалық ауданы Саламат деген кішкентай ғана ауылда дүниеге келген.

– Әкеміз соғыстан оралған соң дүние есігін ашып, 16-жасқа дейін сол ауылда өстік. Бойшаң болғандықтан, мені алты жасымнан мектепке қабылдады. 10 жылдықты Қособа деген ауыл орталығындағы мектепті бітірдім. Ол кезде соғыстың біткеніне небәрі жеті-ақ жыл болған. Әке-шешеміз жастайынан қиындық көріп, соғысты бастан кешкендіктен бізді әлпештеп-мәпелеп өсірді. Дегенмен соғыс біткен жылы қиын заман болса да, ауа да, экология да – таза, тамақ – сапалы, ең бастысы, адамдардың пейілі, көңілі түзу болды. Біздің ауылда орысы да бар, немісі де бар, шешені де бар – түрлі ұлттың өкілдері тату-тәтті өмір сүрді. Бір-бірлеріне қол ұшын беріп, болысып, көмектесіп тұратын. Менде қандай да бір жұртқа жәрдемдескім келіп тұратын қасиет болса, соның бәрі сол ауылдан дарыған деп есептеймін, – дейді Мақсұт Әбуұлы.

1961 жылы Юрий Гагарин ғарышқа ұшқандықтан, сол тұстағы балалардың көбі ұшқыш болуды, аспанда дүние жүзін шарлауды армандаған болатын. Мақсұт аға да мектеп бітіргеннен кейін ұшқыштың оқуын оқығысы келген. Алайда әкесі соғыс көргендіктен, қан майданда от кешкендіктен, баласының әскери салаға баруына рұқсат бермейді. «Бір күні ауылға Медициналық институттың көшпелі комиссиясы келді. Олар мектеп бітірген жастарға емтихан тапсыртып, жақсы оқитын балаларды іріктеп алып, институтқа оқуға түсіретін. Мен соған барып, емтиханның бәрін 5-ке тапсырып шықтым. Ол кезде қазіргідей соңыңнан ешкім ермейтін, әке-шешеміз комиссия мүшелері кім, емтиханды кім қабылдап жатыр, солармен сөйлесіп, баламды оқуға түсіріп жіберейін дейтін қитұрқылық әрекеттер болмайтын. Арада біраз уақыт өткеннен кейін үйге «Сіз оқуға түстіңіз» деген қолмен жазылған, мөрі де басылмаған тілдей қағаз келді. Сонымен киімдерімді алып, Алматыға тартып кеттім», – дейді Мақсұт аға.

 

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы»

Осылайша Мәкең 1962 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтына оқуға түсіп, студент атанады. Халқымызда: «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген аталы сөз бар. Мәкеңнің өз ісінің білгірі болып қалыптасуына ұстаздарының қосқан үлесі өте зор. Ол Алматыдағы Медициналық институттың Стоматология факультетінің деканы болған, доцент Қожахан Шәкенов, медицина ғылымының докторы, профессор, КазССР денсаулық министрі болған, мединституттың ректоры қызметін атқарған Сибағатолла Қарынбаев, медицина ғылымының майталмандары –профессор Корытный Д.Л., доцент Сухарев Г.Т., Арғын Арғынұлы Сүлейменовтерден дәріс алған. «Біз сондай атақты кісілерден үлгі-өнеге алдық, еліктеп өстік, тәрбиесін көрдік. Олар – өз еңбегімен үлкен дәрежеге жеткен тұлғалар. Ол кісілердің жастарға деген қамқорлығында шек болмады. Әсіресе, «қазақтың балалары оқысын, білім алсын» деп, бізге үнемі қолдау көрсетіп, демеу болатын, жанашырлық танытатын. Олар жаңа ғана көктеген жас шыбық жастардың түзу әрі жайқала өсуі үшін бар көмегін аямады. Сол кісілердің арқасында мен институтты қызыл дипломмен бітірдім. Тіпті институтты бітіріп, ауылға кетемін дегенде де ұстазым, Стоматология факультетінің деканы Қожахан Шәкенов мені ауылға жібермей, институтта қалып еңбек етуіме ықпал етті. Қарап отырсам, өмір жолымда адам және маман ретінде өсуіме сол кісінің ықпалы көп тиіпті», – деп еске алады М.Темірбаев.

Осылайша атақты, ірі тұлғалардан сабақ алған Мақсұт Әбуұлы институтта қалдырылып, алғашында стажер болып жұмыс істейді. Екі жыл ординатурада оқып, одан кейін Республикалық стоматология емханасы Ортопедия бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. 1970 жылдары ұстазы Қожахан Шәкенов оны Ленинградтағы мединститутқа аспирантураға түсуіне ықпал етеді. Осылайша ол Ленинградта кандидаттық диссертациясын қорғап шығады. Ғылыми жетекшісі оған «сен осында қал, жұмыс та тауып беремін, үй алуыңа да жәрдем беремін» деп үгіттейді. Алайда «өзге елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан болуды» қалаған Мәкең алған білімін өз елінде жүзеге асыруды қалайды. Алматыға келіп, мединститутта алғашында жарты ставкаға жұмыс істейді. Мұғалім болады, қоғамдық жұмыстармен айналысады. Кейін қайта Республикалық емханада бөлім меңгерушісі болып тағайындалады. 1977 жылы доцент атанып, Медициналық институтта деканның орынбасары болады. 1980 жылы Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтында жоқ кафедраны құрады. Ортопедиялық стоматология кафедрасының негізін салып, қазір міне, 35-36 жылдан бері кафедраның құрылуынан дамуына дейін ерекше үлес қосып келеді. Талай жыл осы кафедраны басқарып, 8 кандидат, бір ғылым докторын дайындайды. Ол кісі ҚР Білім беру ісінің үздігі, бірнеше алғыс хаттармен марапатталған. 1983-1988 жылдары Дәрігерлер білімін жетілдіру институтында Хирургия бөлімінің деканы болады. 1990 жылдары Мәскеуде докторлық диссертация қорғап, профессор атағын алады. Одан кейін Кеңес үкіметі құлап, еліміз егемендік алғанда Қазақстанда Тіс дәрігерлерінің қауымдастығы құрылады. Мақсұт Әбуұлы соның алғашқы президенті болып сайланады.

– Құдайдың берген сыйы шығар, 1995 жылы Германияның Тюбинген қаласындағы Карл Эберхард атындағы 700 жылдық тарихы бар медицина университетінің ғылыми және жоғары оқу, тәжірибе алмасу академиялық қызметінің (ДААД) стипендиаты атанып, екі айлық ғылыми-клиникалық іс-тәжірибеден өттім. Сонда әлемдік деңгейдегі жаңалықтарды көруге, солармен танысуға мүмкіндік туды. Мысалы, брекет жүйесі, имплантация, жаңа протездер технологиясының құпияларына куә болып, өзіміздің соншалықты артта қалып қойғанымызды білдік. Содан кейін-ақ Тюбинген университетімен тығыз қарым-қатынас жасап, олардың төрткүл дүниеге танымал профессоры Хайнер Веберді Алматыға шақырдық. Ол кісі студент, стоматолог-дәрігер, мұғалімдерге дәріс оқып, бірқатар жаңа тәсілдерді үйретті. Мұндай шетелдік әріптестерімізбен тығыз байланыс ДСҚ-ға(Дүниежүзілік Стоматология қауымдастығы) мүшелікке кіруді ойластыруға мұрындық болды. Осылайша, 1995 жылы ДСҚ-ның Лондондағы штаб-пәтеріне ұсыныс білдірдік. Олар жас егемен мемлекет өкілдерінің талабын қанағаттандырды. Ол кезде қаражат жоқ, тіпті шетелге қалай шығудың жолын да білмейміз. 1997 жылы  бірінші рет Кореяның Сеул қаласында өткен 85-інші халықаралық жиынына ҚСҚ-дан бес адам: Даирбеков М.Д., Кенченбаева В.К., Пак Ю.Е., Жартыбаев Р.Н. және мен қатыстық. Мұны әлем стоматологтарының олимпиадасы деуге болады. Форумды Корея президентінің өзі ашты. ДСҚ-ның қалыптасқан дәстүрі бойынша іс-шара басталарда барлық мемлекеттің туларын кішкене балақайлар көтеріп шығады. Ол кезде ұйымға бұрынғы ТМД елдерінен бізбен бірдей тек Ресей ғана кірген, көк байрағымыз көтерілгендегі  мақтаныш сезімімізді айтпаңыз. Міне, содан бері Қазақстанның Туы солардың қатарында желбіреп келеді. Қазір сол жасаған жұмысыма әлі күнге дейін ризамын. 1998 жылы Барселонада, одан кейін де жыл сайынғы ДСҚ-ның конгрестеріне қатысып, әлемдік стоматологияның қандай дәрежеде дамығанын көріп, біраз нәрселерді үйреніп, тәжірибе жинап қайтамыз. Дәрігерлер де білім деңгейін көтеріп, жаңа әдіс-тәсілдерді үйреніп келеді, – дейді Мақсұт Әбуұлы.

1996 жылы Мақсұт аға «Алмагест» стоматология орталығын ашады. Кеңес үкіметі құлап, тәуелсіздігімізге тәубе деп жетер уақытта өмірдің қиын диірмені талайды талқан етіп ұнтақтайды. Тіс емдейтін клиникалардың бәрі жабылып, бұл сала бірте-бірте жекеменшіктің қолына өтеді. Тіс дәрігерлерінің көбі жұмыстан босап қалады. Осындай қиын кезде қарызға қаражат тауып, шетелден жаңа қондырғыларды алып келіп, жұмыстарын бастайды. Әлемдегі мықты профессорларды АҚШ-тан, Германиядан шақыртып, халықтың тісін емдеп, шетелдік тәжірибені осында жүргізеді.

Негізі Мәкең – өз ісінің үздігі ғана емес, керемет ұйымдастырушы да. Стоматолог мамандарын даярлауда өз мектебін қалыптастырып үлгерген Мақсұт Әбуұлына әріптестері де «бүгінгі заманның жаңа тұрпаттағы жоғары дәрежелі дәрігері» деген баға беріп отыр.

Анамызды емдету үшін аталмыш орталыққа әкелгенімізде байқағанымыз, ұжым да бір атаның баласындай тату, ынтымақта әрекет етіп отырғанына көз жеткіздік. Қаншама науқастар осында тістерін жөндетіп, тамақты рахаттанып шайнай алатындай деңгейге жетеді. «Мақсұт Темірбаев басқаратын «Алмагест» стоматология орталығына тісімді емдетіп шықтым. Мұндағы дәрігерлердің наусқастарға деген қамқорлығы, көрсеткен медициналық көмектері көңілімнен шықты. Бас директор Мақсұт Темірбаев емделушілердің әрқайсысымен жеке әңгімелесіп, қал-жағдайларын біліп, қосымша ем қажет болып жатса, дереу емдеуші дәрігерге тапсырма беріп кетеді. Өзі мың болғыр, өте қарапайым, кішіпейіл жан. Қызметкерлері де басшыларына тартса керек, шетінен кішіпейіл, мейірімді. Бас директордан бастап барлық медицина қызметкерлері үнемі науқастардың алғысына бөленіп жүреді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, мен он шақты күн бойы қас-қабағыма қарап, сауығып кетуіме, тісімнің бүтінделуіне көмектері тиген бас директордан бастап, барлық қызметкерлерге айтар алғысым шексіз», – дейді емделуші Ұлбосын Құдабаева.

Бүгінде жетпіс жасқа толып, Пайғамбар жасынан асқан Мақсұт аға үйдегі жеңгей – Шолпан апаймен бірге Жаратқанның берген бір ұл, екі қызынан 11 немере, бір шөбере сүйіп отыр. Ұлы Қалжан да әке жолын қуып, білікті тіс дәрігері атанған. Осылайша бәйтерегі кең жайқалып, немере-шөбере сүйіп, Жаратқанның қолдауымен әулетіне береке, бақ пен құт қондырып отырған Мәкеңе ұжымы, барлық әріптестері, шәкірттері мерейлі қуанышымен құттықтап, ұзақ ғұмыр, баянды бақыт тілеп отыр. Біз де өз тарапымыздан бүгінде соңынан ерген ұрпағына өнегелі жол көрсетіп, өзі де жетпістің желкеніне шыққан ағамызға барлық жақсылықтарды тілеп, ең бастысы халық игілігіне бөлене беріңіз дегіміз келеді.

Сөзімізді түйіндесек, тіршілікте бірде-бір өсімдік тамырсыз өспейді, өркен жаймайды. Сол секілді адам баласы да ата-бабаларынан көзге көрінбейтін тамырлар арқылы жалғасқан. Осы ретте тегі мықты адамның ұрпағы болу бұл өмірде аса жауапкершілікті талап ететіні сөзсіз. Өйткені баба мен әке атына, абырой-беделіне кір келтірмеу – міндет. Алайда бұралаңы көп мынадай жалған өмірде ана сүтімен, баба тегі, әке қанымен келген тазалықты сақтап қалу, біле-білген адамға мұның өзі үлкен ерлік. Ең бастысы, Мақсұт аға тектілігіне дақ түсірмей, халық игілігіне бөленіп келеді. Жампоз әрі ізденгіш, абырой-беделі үлкен дәрігердің бақыты да, мұраты да осы болса керек. Ләйім, солай жалғаса берсін!

 

Серік  ЖҰМАБАЕВ

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар