Мәжілісте Үкіметтен мемлекетке қайтарылған активтер қорынан халықтың осал топтарына арналған ипотекалық несиелендіруге 50 млрд теңге бөлу сұралды. Өйткені 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетте осы топқа арналған "2-10-20" бағдарламасы шеңберінде несие (займ) беру үшін қаражат көзделмеген. Бұл туралы Берік Бейсенғалиев Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутаттың айтуынша, қазіргі уақытта халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып отыр.
"Әлеуметтік осал санаттағы азаматтар табысының төмендігінен, олардың тұрғын үй сатып алуына қолжетімді жалғыз құралы "Отбасы банкінің" 2%-бен берілетін жеңілдетілген ипотекасы ("2-10-20") болып табылады. Алайда қазір бұл бағдарлама тоқтап тұр. Осыған байланысты,2025 жылғы 28 наурызда менің төрағалығыммен AMANAT партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің отырысында Қазақстан Республикасының Үкіметіне, сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігіне Қаржы министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, "2-10-20" жеңілдікті ипотекалық бағдарламасына қатысушыларға Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару комитеті тартқан қаражат есебінен қарыз беру үшін "Отбасы банк" акционерлік қоғамын 50 млрд теңге көлемінде қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды", - дейді Бейсенғалиев.
Ол бұл ретте әлеуметтік осал топтарға кредит беру үшін бюджет қаражатының болмауына байланысты қарыздар бұрын қалыптасқан қайтарымды қаражат есебінен ғана берілетінін, олардың көлемі өте шектеулі екенін нақтылай кетті.
"Осыған байланысты қазіргі уақытта "2-10-20" бағдарламасы бойынша жаңа объектілерді мақұлдау процесі тоқтатылған. Бұл жағдай, әсіресе Отбасы банкке тұрғын үй саясатын реформалау жөніндегі заң аясында ұлттық даму институты мәртебесі беріліп жатқан кезде, әлеуметтік шиеленіс тудыруы мүмкін", - дейді депутат.
Мысалы, 2024 жылы республикалық бюджеттен қаражат бөлінбеген, ал несиелер (займдар) 2023 жылы бөлінген және толық игерілген қаражат есебінен берілген. 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетте де "2-10-20" бағдарламасы шеңберінде несие (займ) беру үшін қаражат көзделмеген.