Әлеуметтік қызметкерлерге құрмет көрсетілді

Dalanews 29 қаз. 2021 14:13 872

Бүгін Түркістандағы «Ұлы Дала елі» орталығында Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні мерекесі аталып өтті. Оған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылығы, мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділері және сала қызметкерлері қатысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сонымен бірге әлеуметтік салаға жауапты аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары және жұмыспен қамту органдарының қызметкерлері шақырылған.

Облыс әкімінің орынбасары әлеуметтік қорғау саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, олардың қоғамдағы, Түркістан өңірін дамытудағы еңбегін жоғары бағалады. Сала ардагерлерімен, қазір еңбек етіп жүрген қызметкерлермен және мүгедектігі бар азаматтармен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Салтанатты жиында әлеуметтік саланың үздік қызметкерлері ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің, Түркістан облысы әкімдігінің, облыстық мәслихаттың, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының және облыстық кәсіподақтар ұйымының грамоталары мен Алғысхаттарымен марапатталды.

Бүгінде Түркістан облысы бойынша әлеуметтік салада 4 мыңға жуық қызметкер еңбек етеді.

Облыста әлеуметтік қорғау саласында қамқорлықты және көмекті қажет ететін жекелеген санаттағы тұрғындар саны 726,8 мыңнан асады. Атап айтсақ, 176,1 мың зейнеткер, 96,9 мың мүмкіндігі шектеулі жан, аз қамтамасыз етілген 218,1 мың тұрғын бар. Көпбалалы отбасылар саны бойынша Түркістан өңірі көш басында. Облыста «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері мен көпбалалы аналар саны 160,8 мыңға жетті.

Өңірде халықтың әлеуетін көтеру мақсатында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы, «Nur Otan» партиясының Жол картасы жүзеге асырылып жатыр. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға 20,5 млрд. теңге қаралып, 78 мыңнан астам адам жұмыспен қамту шараларына тартылды. 2021 жылы аз қамтылған азаматтарға мемлекеттік бюджеттен 37 млрд. теңгеден астам қаражат бөлініп, 218 мың адамға әлеуметтік көмектер берілген.

Мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау бағытында әлеуметтік қызметтер порталы енгізіліп, көмекке мұқтаж тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасалған.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар