Әлемдік нарықта мұнай бағасы қайта өсіп, Brent маркасы барреліне 107 доллардан асты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сауда деректеріне сәйкес, таңғы уақытта Brent мұнайы шамамен 1,8 долларға қымбаттап, 107 долларға жетті. Америкалық WTI маркалы мұнайы да өсім көрсетіп, 95–96 доллар шамасында саудаланды.
Сарапшылардың айтуынша, нарықтағы өсімге Таяу Шығыстағы геосаяси ахуал ықпал етіп отыр. АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің нәтиже бермеуі және Ормуз бұғазы арқылы теңіз тасымалының шектелуі мұнай жеткізілімінің қысқаруы мүмкін деген алаңдаушылықты күшейткен. Бұл өз кезегінде бағаның жоғарылауына қысым жасап отыр.
Өткен апта қорытындысында да мұнай бағасы айтарлықтай өсім көрсетті. Brent 16,5%-ға, ал WTI 14,3%-ға қымбаттаған.
