АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққыларынан кейін Brent маркалы мұнайдың бағасы биржадан тыс саудада бірден 10 пайыз өсіп, барреліне шамамен 80 долларға жетті. Сарапшылардың болжамынша, баға таяу уақытта 100 долларға дейін көтерілуі мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz агенттігі DW телеграм арнасына сілтеме жасап.
ICIS талдау компаниясының өкілі Аджай Пармардың айтуынша, мұнай бағасына қысқа мерзімде әскери әрекеттер әсер еткенімен, шешуші фактор - Ормұз бұғазының жабылу қаупі.
"Біз демалыстан кейін сауда ашылғанда мұнай бағасы 100 доллар межесіне әлдеқайда жақындайды, тіпті бұғаздағы шектеу сақталса, одан да асып түсуі ықтимал", - деді сарапшы.
Бұл пікірмен RBC және Barclays сарапшылары да келісіп отыр.
Осы тұста ОПЕК+ мұнай картелінің негізгі мүшелері сәуір айынан бастап өндірісті бұрын жоспарланған тәулігіне 137 мың баррельдің орнына 206 мың баррельге дейін арттыратынын мәлімдеді. Алайда Rystad Energy сарапшысы Хорхе Леон келісілген өсім Иран төңірегіндегі ахуал ушыға түссе, 2 наурыздағы сауда ашылғанда мұнай бағасының күрт қымбаттауын тежей алмауы мүмкін екенін ескертті.
SPI Asset Management компаниясының басқарушы серіктесі Стивен Иннес AFP агенттігіне берген пікірінде Парсы шығанағындағы жағдай коммерциялық тасымалдаушыларды алаңдатып отырғанын айтты. Оның сөзінше, Ормұз бұғазында зымыран шабуылы қаупі, кемелерді сақтандыру келісімдерінің жаппай тоқтатылуы және аймақтағы электронды сигналдардың іркілісі нарыққа қосымша қысым түсіріп отыр.
Иннестің бағалауынша, бұғаз толық бұғатталса, дүйсенбі күні сауда ашылғанда мұнай бағасы эскалацияға дейін шамамен 72 доллар деңгейінен 120–150 долларға дейін өсуі ықтимал. Сарапшылар Сауд Арабиясы мен БАӘ-нің құрлықтағы мұнай құбырларын бұғазды айналып өту үшін пайдалануға болатынын айтқанымен, тіпті мұндай жағдайда да әлемдік нарықта тәулігіне шамамен 8–10 млн баррель көлемінде тапшылық туындауы мүмкін.
