Әлемдік контейнерлік тасымал саласындағы ірі компаниялардың бірі – MSC тобы Қазақстанда стратегиялық серіктестік орнататынын мәлімдеді. Компания отандық SEMURG INVEST-пен бірлесіп жұмыс істемек. Бұл туралы сарапшы Айбар Олжаев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сарапшының айтуынша, аталған серіктестік Каспий теңізіндегі Құрық портының инфрақұрылымын халықаралық тасымал желісіне қосуға мүмкіндік береді.
«Әлемдік контейнер тасымалының алыбы MSC тобы отандық SEMURG INVEST-пен стратегиялық серіктестік құратынын жариялады. Демек Каспийдегі Құрық портындағы инфрақұрылым халықаралық тасымал желісіне қосылады да Орталық Азиядан Түркия мен Еуропаға шығатын бағыттар тезірек дамитын болады. Sarzha Logistics платформасын Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанның контейнерлік жүк ағындарына қызмет көрсететін оператор ретінде қалыптастыру көзделген», – дейді Айбар Олжаев.
Экономист бұл келісімнің маңызын түсіндіре келе, порт салумен ғана жұмыс бітпейтінін атап өтті.
Оның сөзінше, тұрақты жүк ағынын қамтамасыз ету, кеме, пойыз және терминалдардың жұмысын үйлестіру, сондай-ақ клиенттерге түсінікті тариф пен сенімді жеткізу мерзімін ұсыну қажет.
«Порт салу жұмыстың бір бөлігі ғана. Енді оған тұрақты жүк әкелу, кеменің, пойыздың және терминалдың жұмысын үйлестіру, клиентке түсінікті тариф пен сенімді жеткізу мерзімін ұсыну қажет. Халықаралық оператор біздің Құрықты өзінің клиенттерімен және тасымал бағыттарымен байланыстыра алады», – деп жазды сарапшы.
Айбар Олжаевтың мәліметінше, MSC құрамындағы MEDLOG желісінде 470-тен астам логистикалық нысан бар.
«MEDLOG желісінде 470-тен астам логистикалық нысан бар. Олар жылына шамамен 10 миллион TEU өңдейді. Ал MSC желісі 155 елдегі 520 портты қамтиды. Қазақстандық бағыттар осы ауқымды халықаралық жүйеге қосылайын деп тұр», – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, Құрықтағы Sarzha Каспий кластерін дамыту аясында жылына 5 миллион тоннаға дейін қосымша жүк өңдеу қуатын құру жоспарланған. Оның ішінде контейнерлік қуат 110 мың TEU-ға дейін жетуі тиіс. Айбар Олжаев TEU ұғымы жиырма футтық стандартты теңіз контейнерін білдіретінін атап өтті.
Оның пікірінше, жаңа серіктестік Қазақстан арқылы өтетін халықаралық дәліздердің тартымдылығын арттырады.
«Сыртқы нарыққа шығатын балама жолдың болуы тасымалдаушыға Қазақстан арқылы өтудің түрлі жолдарын көбейтеді. Енді Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ауғанстан мен Түркіменстан экспортерлеріне Еуропаға Қазақстан арқылы өту анағұрлым тез және оңай болады. Ал жүкті тасымалдау, сақтау, тиеу, жөнелту жұмыстары біздің бизнеске тапсырыс әкеледі», – деді сарапшы.
Айбар Олжаев бұл серіктестіктің экономикалық маңызы жоғары екенін атап өтті.
«Сондықтан бұл серіктестіктің маңызы өте зор», – деп түйіндеді ол.