Әлемдік әуе компаниялары рейстер санын жаппай қысқартып жатыр

Әлемдік әуе компаниялары рейстер санын жаппай қысқартып жатыр
Фото: gov.kz

Әлемде әуе компаниялары рейстер санын жаппай қысқартып жатыр. Кейінгі екі аптада 12 мың рейс тоқтаған, деп хабарлайды dalanews.kz.

The Economist мәліметінше, аталған өзгерістерден кейін әлем бойынша ұшақтардағы жалпы орын саны 130 миллионға дейін азайған.

Сарапшылар бұл жағдайды Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалмен байланыстырады. Иран төңірегіндегі шиеленіс басталғалы авиациялық жанармай бағасы екі есеге жуық қымбаттаған. Сол себепті әуе компаниялары тиімсіз бағыттарды жабуға, шағын ұшақтарды пайдалануға және билет бағасын көтеруге мәжбүр болған.

Ең көп қысқарту жасаған компаниялардың қатарында Turkish Airlines (шамамен 520 мың орын) мен Air China (490 мың орын) бар. Ал Lufthansa мамыр айының өзінде 4 мыңға жуық рейсті тоқтатып, жалпы мамыр-қазан аралығында 20 мың рейсті кестеден алып тастаған.

Парсы шығанағындағы Emirates, Etihad және Qatar Airways әуе компаниялары да әлі толық қуатында жұмыс істеп жатқан жоқ. Аймақтағы кейбір әуежайлардың жабылуына байланысты Еуропа мен Азия арасындағы рейстердің шамамен үштен бірі қысқарған.

Сонымен қатар Сингапур мен Токио әуежайлары әуе компанияларынан рейстер санын көбейтпеуді сұраған. Ал Вьетнамда авиациялық жанармайды пайдалануға шектеу қойылған.