Алдағы ауа райы астық жинау науқанына қалай әсер етеді? Министрлік жауабы

Сағыныш Сардарова 23 қыр. 2025 11:33

Экология вице-министрі Нұркен Шәрбиев Үкімет отырысында астық жинау барысына қатысты бір аптаға арналған ауа райы болжамын таныстырды. Ол синоптиктердің болжамы бойынша қыркүйек айының 23-інен 30-ына дейінгі аралықта еліміздің астық егетін аймақтарында ауа райы егін жинауға жайсыз болатынын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының басым бөлігінде осы кезең бойы жаңбыр жауады. Ақтөбе облысында 26-30 қыркүйек аралығы, Батыс Қазақстан облысында 25-29 қыркүйек аралығы, Қарағанды, Ұлытау облыстарында 27-30 қыркүйек аралығы жауын-шашынды болады. 

Павлодар облысында қыркүйектің 23-25-і және 28-30-ы аралығында жаңбыр жауады. Еліміздің шығысында қыркүйектің 23-24-і, 29-30-ы жаңбыр жауады. Жауын-шашын күндері қатты жел болады. 23-30 қыркүйек аралығында күндіз де, түнде де ауа температура біртіндеп төмендеп, түнгі уақытта қырау түсуі мүмкін.

Қазанда еліміздің басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы қалыпты деңгейде болады. Ал батыста, оңтүстік-батыста және оңтүстік бөлікте әдеттегіден жылы болады.

"Еліміздің батыс, солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыстағы таулы өңірлерінде бір ай бойы жиі жауын-шашын түсуі ықтимал. Айтылған болжамдарды ескере отырып, астық жинауға қолайлы кезеңдерді тиімді пайдалану қажет деп есептейміз",- деді Нұркен Шәрбиев.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар