Алаяқтыққа қарсы күрес: банктер мен ІІМ қандай шаралар ұсынды

Самал Асқар 10 сәу. 2026 13:06

Қазақстанда интернет және телефон алаяқтығының ауқымы ұлғайып, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігіне төнетін қауіп артып келеді, деп хабарлайды Dala News.

Астанада өткен AntiFraud Forum Kazakhstan алаңында мемлекеттік органдар, банктер, финтех-компаниялар мен киберқауіпсіздік саласының сарапшылары алаяқтықпен күрестің жаңа тәсілдерін талқылады. Қатысушылар цифрландыру үдерісімен қатар тәуекелдердің де өсіп отырғанын атап өтті.

Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарды қорғау мәселесіне ерекше назар аударып, халықтың «ең осал буын» болып отырғанын мәлімдеген болатын.

Мыңдаған іс, жүздеген күдікті

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы киберқылмыстар бойынша 6 мыңнан астам іс ашылып, 1150-ден астам адам ұсталған. Ал 2026 жылдың алғашқы үш айының өзінде шамамен 400 адам жауапкершілікке тартылған.

ІІМ-нің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Алибек Оразалы бұл нәтижелерге құқық қорғау органдары, ІТ-мамандар мен банк секторының бірлескен жұмысы арқылы қол жеткізілгенін айтты.

Миллиардтаған шығын: тек жартысы ғана қайтарылады

Қаржылық шығын көлемі де айтарлықтай. Бас прокуратура дерегінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында қазақстандықтар алаяқтарға 4,8 млрд теңге аударған. Оның тек 2,4 млрд теңгесі ғана кері қайтарылған.

Ал 2025 жылы жалпы шығын 13,2 млрд теңгені құраған. Оның 5 млрд теңгесі ғана өтелген.

Бұл туралы Бас прокуратура жанындағы құқықтық статистика комитеті төрағасының орынбасары Ерәділ Ахметов мәлімдеді.

«Бірінші тоқсанда 4,8 млрд теңге тіркелді, оның 2,4 млрд теңгесі қайтарылды. 2025 жылы интернет алаяқтықтан келген шығын 13,2 млрд теңгені құрады, оның 5 млрд теңгесі өтелді. Бұл белгілі бір оң динамиканы көрсетеді», – деді ол.

Дропперлерге жаза: 7 жылға дейін

Форумда дропперлікке қарсы күрес те негізгі тақырыптардың бірі болды. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап Қылмыстық кодекске 232-1-бап енгізіліп, дропперлік үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Вице-әділет министрі Бекболат Молдабеков өткен жылы осы бап бойынша 56 қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

«56 – үлкен көрсеткіш емес шығар. Бірақ бұл қылмыстық жауапкершілік, ал құқық қорғау органдары бұл бағытта енді ғана жүйелі жұмыс істей бастады», – деді ол.

Алаяқтар да «ақылды» болды

Сарапшылардың айтуынша, алаяқтар жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллект құралдарын белсенді қолдана бастаған. Бұл өз кезегінде алаяқтық схемалардың күрделенуіне алып келуде.

Сонымен қатар қорғаныс тетіктері де дамып жатыр. «Цифрлық Қазақстан» қауымдастығы кеңесінің төрағасы Денис Степанцев AntiFraud жүйесінің көмегімен 2025 жылы 2,6 млрд теңге шығынның алдын алуға мүмкіндік болғанын атап өтті.

Оның айтуынша, киберполиция 13 call-орталықты жойып, ірі көлемде техниканы тәркілеген. Ал банктер мен байланыс операторлары күмәнді операцияларды алдын ала анықтап, бұғаттайтын жүйелер енгізген.

Негізгі мәселе – халықтың сенгіштігі

Форумда алаяқтықты толық жою мүмкін еместігі айтылғанымен, тәуекелдерді азайтуға болатыны атап өтілді. Бұл үшін технологиямен қатар халықтың қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыру маңызды.

AMANAT партиясының хатшысы Шолпан Каринова тұрғындарды, әсіресе егде жастағы адамдарды оқыту қажет екенін айтты.

Оның сөзінше, халықты ақпараттандыру және оқыту жұмыстары күшейтілуі тиіс, өйткені дәл осы топ алаяқтардың негізгі нысанасына айналып отыр.

Ашық диалог алаңы

AntiFraud Forum Kazakhstan алаңы мемлекеттік органдар мен жеке сектор өкілдері үшін ашық диалог алаңына айналды. Қатысушылар алаяқтықтың жаңа түрлері мен оған қарсы қолданылып жатқан нақты құралдарды талқылады.

Жиын қорытындысы бойынша, алаяқтықпен күресте жүйелі тәсіл қажет екені, оған технологиялық шешімдермен қатар халықтың хабардарлығын арттыру да кіруі тиіс екені атап өтілді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove