Әкімдіктің мәліметінше, құрылыс жұмыстарын аяқтап, жобаны іске қосу 2024 жылдың қарашасына жоспарланған. Осылайша, Теректі ықшамауданының 7 мыңнан астам тұрғыны орталықтандырылған су және кәріз желілерімен қамтылатын болады.
Ал тамыз айының соңында «Рахат-Мәдениет» ықшамауданында 131,7 шақырымды құрайтын инженерлік желілердің құрылысы басталады. 2024 жылдың желтоқсан айына дейін жалғасатын құрылыс жұмыстарына техникалық дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жоба жүзеге асқанда 14 мыңнан астам тұрғын орталық су және кәріз желілерімен қамтылады.
– Жұмысқа тапсырыс берушілер ретінде біз жұмыс аяқталған кезде ақаулардың алдын алу үшін сығылмайтын топырақпен толтыруды, ал бұрын асфальтталған көшелерді, жолды қалпына келтіруді қарастырдық. Желілердің құрылысы аяқталғанша жол-құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. Соның салдарынан көлік қозғалысына уақытша қолайсыздықтар туындайды. Ал құрылыс жұмыстары біздің тұрақты бақылауымызда болады, – деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.
Аудан әкімі Алатау ауданы Алматы қаласына қосылғанға дейін жеке тұрғын үй құрылыстары орталық кәріз жүйесісіз салынғанын алға тартты. Жеке сектордағы ағынды сулар аулаларда орналасқан септиктерге құйылып, топырақ пен жер асты суларын ластап келген. Жаңа инженерлік желілер іске қосылғаннан кейін бұл қиындықтардың бәрі артта қалатын болады.
– Ауданымыздағы кей жерлерде жер асты сулары үздіксіз жер бетіне шығады. Осы өзекті мәселені шешу үшін 2023 жылы республикалық бюджеттен кәріз желілерін тартуға қаражат бөлінген болатын. Жоба әзірленіп, қазір жүзеге асырылуда. Жеке секторда жаңа желілерді тарту ісі – қала билігі айрықша көңіл бөліп отыр, – деп қосты Азамат Қалдыбеков.