Мәжілісте «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы қаралып, бірінші оқылымда мақұлдау ұсынылды, деп хабарлайды Dala News.
Заң жобасы Алатауды қарқынды дамитын, инвестиция тартуға қолайлы «ақылды қалаға» айналдыруды көздейді. Бұл бастама жаңа Конституцияда бекітілген арнайы құқықтық режим аясында жүзеге асырылмақ.
Жобаға сәйкес, қалада:
– инвестиция мен кәсіпкерлікке ерекше жағдай жасалады,
– цифрландыру мен инновацияға басымдық беріледі,
– басқарудың жаңа моделі енгізіледі.
Алатау қаласында жоғары орган ретінде Кеңес құрылып, стратегиялық шешімдер қабылдайды. Ал негізгі атқарушы орган ретінде арнайы әкімшілік жұмыс істейді.
Сонымен қатар:
– «бір терезе» қағидаты енгізіледі,
– салықтық жеңілдіктер қарастырылады,
– инвестициялық жобаларға преференциялар беріледі.
Қала бюджеті екі бөліктен қалыптасады: жергілікті бюджет және арнайы әкімшілік қоры. Бұл қаржыны тиімді басқаруға және дамуға бағыттауға мүмкіндік береді.
Депутаттардың айтуынша, заң жобасына 500-ден астам ұсыныс түскен. Құжат екінші оқылымға дейін пысықталады.
Жоба қабылданса, Алатау Қазақстандағы жаңа экономикалық өсім нүктесіне айналуы мүмкін.
