Алакөлдегі қызмет сапасының төмендігі: Уәли келесі маусымға дайындықты қазірден бастауды тапсырды

Қаракөз Амантай 11 қыр. 2025 09:54

Абай облысының әкімі Берік Уәли өңірдегі туризмді дамыту мәселелеріне арналған жиында Алакөл жағалауына арналған бас жоспарды әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жиында туризм, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары, энергетика және ТКШ, құрылыс пен цифрлық технологиялар басқармаларының басшылары биылғы шомылу маусымының қорытындысын шығарды.

Жағалауды абаттандыруға соңғы рет 2018 жылы жөндеу көрген аумаққа облыстық бюджеттен 658 млн теңге бөлінді. Бұл қаражатқа Арбатқа жөндеу жүргізілді, 25 шешінетін кабина, 50 қоқыс контейнері, әжетханалар орнатылды, үш пирс пайдалануға берілді, жаңа қоғамдық аймақтың құрылысы аяқталды.

“Біздің өңірдің туристік әлеуеті зор, әсіресе Алакөл жағалауының маңызы ерекше. Дегенмен биыл Мемлекет басшысы бірқатар кемшіліктерге назар аударып, ескерту жасады. 2026 жылы ол олқылықтарды қайталамауымыз керек. Ол үшін жүйелі жоспар, тиімді бақылау және барлық жауапты органдардың үйлесімді жұмысы қажет. Сондықтан дайындықты қазірден бастауымыз тиіс”, – деп атап өтті Берік Уәли.

Әкім Алакөл жағалауында жұмыс тобы құрылып, 2026 жылғы маусымға дайындықтың нақты алгоритмі әзірленсін деп тапсырды. Сондай-ақ көлді күтіп-ұстауға қаржыны алдын ала қарастыруды, туристік-индустриялық аймақ жобасын дайындауды және құтқарушы қайықтар мен қызметкерлер санын арттыру бойынша ұсыныс енгізуді міндеттеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар