Алакөлде қауіпсіздік бірінші орында: құтқарушылар күн сайын рейд жүргізеді

Алакөлде қауіпсіздік бірінші орында: құтқарушылар күн сайын рейд жүргізеді
суреттер: Dala News

Жаз мезгілінде Алакөл жағалауы мыңдаған туристің сүйікті демалыс орнына айналады. Демалушылар саны артқан сайын қауіпсіздік мәселесі де өзекті бола түседі. Осыған байланысты ұйымдастырылған пресс-тур аясында журналистер Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірге рейдке қатысып, жағалаудағы қауіпсіздік шараларымен танысты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Алакөл жағалауында тәулік бойы құтқарушылар кезекшілік етеді. Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығының орынбасары, полковник Игорь Жуковтың айтуынша, туристік маусым кезінде мұнда өрт сөндірушілер, жедел-құтқару жасағының мамандары, инспекторлар мен әскери қызметшілерден құралған арнайы топ жұмыс істейді.

– Мұнда жыл бойы 13 құтқарушы қызмет етеді. Туристік маусымда қосымша өрт сөндіру қызметінің мамандары, жедел-құтқару жасағының қызметкерлері және әскери бөлім сарбаздары жұмылдырылады. Олар судағы және жағалаудағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, күн сайын рейдтер жүргізеді, – деді Игорь Жуков.

Биыл жағалау бойына 34 бейнебақылау камерасы орнатылған. Құтқарушылар камералар арқылы судағы жағдайды бақылап, қауіп төнген жағдайда жедел әрекет етеді. Сонымен қатар балалар демалатын лагерьлерде де қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінген.

Журналистер рейд барысында су көліктерін тексеру жұмыстарына куә болды. Биыл 1 шілдеден бастап шағын көлемді кемелерді пайдалану ережелерін бақылау функциясы Төтенше жағдайлар министрлігіне берілген. Содан бері Алакөл мен Балқаш көлдерінде 140-тан астам әкімшілік айыппұл салынған.

Мамандардың айтуынша, заңбұзушылықтардың басым бөлігі кеме жүргізу құқығын растайтын құжаттардың болмауына байланысты тіркеледі.

– Көпшілік қайық немесе гидроцикл жүргізу үшін арнайы куәлік қажет екенін біле бермейді. Бұл көлік құралын басқару үшін арнайы оқудан өтіп, емтихан тапсыру керек. Яғни, демалушы мұндай су көлігін өзі басқаруға болмайды, жүргізушінің артында отыруға ғана рұқсат етіледі. Бұл өзінің және басқа демалушылардың қауіпсіздігі үшін маңызды. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын барынша күшейтіп жатырмыз, – деді Игорь Жуков.

Оның айтуынша, кейбір демалушылар қауіпсіздік талаптарын елемей, буйдан асып жүзіп кетеді немесе құтқару жилетін кимей су көлігіне мінеді. Мұндай жағдайлар қайғылы оқиғаларға әкелуі мүмкін.

Құтқарушылар Алакөлге келген туристерге ең алдымен үш маңызды ережені сақтауға кеңес береді. Біріншіден, мас күйінде суға түсуге немесе су көлігін басқаруға болмайды. Екіншіден, буйдан асып жүзуге тыйым салынады. Үшіншіден, түнде суға түспеу. Сондай-ақ қайыққа немесе гидроциклге мінген кезде міндетті түрде құтқару жилетін кию қажет.

– Қауіпсіздікке немқұрайлы қарамау керек. Көп жағдайда төтенше жағдайлардың себебі – қарапайым ережелерді сақтамау. Демалыс көңілді өтуі үшін әр адам алдымен өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы қажет, – дейді мамандар.

Туристік маусым қызған шақта Алакөл жағалауында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары күшейтілген режимде жалғасып жатыр. Құтқарушылар мен полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқарып, демалушылардың тыныштығы мен қауіпсіздігін бақылауда ұстап отыр.