Бүгінде ұлттық мейрамымыз ерекше форматта ұлықталып жатыр. Айта кетейік, думанды мейрамды атап өту барысында 14 наурыз көрісу күнінен бастап, ауданға қарасты 24 ауылдық округте іс – шаралар ұйымдастырылып өткізілді. Шаралардың легі: аудандық жастар ресурстық орталығының «Бұлақ көрсең көзін аш», аудандық З.Қойшыбаева атындағы мәдениет үйінің «Шежіре күніне» орай «Шежіреден сыр шерту», «Ана тілі аруы» байқауы мен аудандық кітапхананың «Алаштың ақмаңдай ерлері» атты бірқатар іс – шара өткізілді.
Қайырымдылық жасау қанына біткен Алакөлдік азаматтар Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында 18 наурыз «Игі істер» күніне орай қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Қолы ашық, жомарт жандар ауданымыздағы әлеуметтік осал топтағы аз қамтылған және көп балалы 75 отбасына көмек көрсетті. Артынша, «Алакөл аруы» байқауы өтті. Аталған іс – шаралар әліде өз жалғасын табады. Шара «Аялы алақан», «Асар» акциялары бойынша жүзеге асады. Жергілікті атқарушы органдардың бөлім басшылары, халық қалаулылары, кәсіпкерлер мен жастар бастаған топ азық – түлік себеттерін үйді – үйге апарып, Ұлыстың Ұлы күні наурыз мейрамымен аудан тұрғындарын құттықтап қайтты.
«Наурыз меркесіне орай ұйымдастырылған «Аялы алақан», «Асар» акцияларына барлық бөлім – мекеме басшылары, мәслихат депутаттары, жеке кәсіпкерлер мен жастар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, аз қамтылған көп балалы отбасыларға жалпы саны 75 адамға көмек көрсетті. Әр бөлімнің мекеме басшылары азық – түлікке толы себеттерді өз қаражаттарына сатып алды. Жалпы іс – шараға 1.5 млн.теңге қаражат жұмсалынды»,-дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы А. Садирбекова.
Шарапатты шараның негізгі мақсаты игі істер идеясын насихаттау болып табылады. Халық арасында «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын»,-деген аталы сөз бар. Сол себепті, «Жарыссақ жақсылық жасап жарысайық!»,- деген ұранды жалау еткен қайырымды жандар игі істерді көбірек жасауға шақырады. Ал жалғыз басты зейнеткер Валентина Дегтярева өз кезегінде жомарттық танытып, мереке қарасаңында күтпеген сыйлық жасаған қауымға алғыс айтып, ризашылығын білдірді. Қолға алған игі бастамаларына сәттілік тіледі. Зейнеткеріміздің айтуынша, өңірімізде қайырымды адамдардың көп болғаны көңіл қуантады.
Алакөл ауданының баспасөз қызметі