Алматы – Әл-Фараби даңғылындағы адам өліміне әкелген жол апатынан кейін қалалық полицияда кадрлық өзгерістер басталды, деп хабарлайды DalaNews.kz
Бейресми деректерге сүйенсек, Алматы қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары Ержан Узабаев еңбекке жарамсыз деп, уақытша демалысқа кеткен. Оның қызметтен босатылуы да мүмкін екені айтылуда.
Сондай-ақ, әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев қызметінен кеткені белгілі болды. Бұдан бөлек, арнайы батальонның үш взвод командирі және патрульдік полиция полкінің бір рота командирі де лауазымынан айырылған.
Еске салайық, бұған дейін заңгер Молдахан Әділетхан әл-Фараби даңғылындағы қайғылы жол апатының мән-жайын жариялап, жарысқа қатысы болуы мүмкін тұлғалар арасында жоғары лауазымды полиция қызметкерінің аты аталған болатын.
Ресми органдар әзірге бұл кадрлық өзгерістерге қатысты толық түсініктеме берген жоқ. Алайда оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, құқық қорғау жүйесіне қатысты сұрақтарды күшейтті.
Қазіргі уақытта апат бойынша тексеру амалдары жалғасып жатыр.
