Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты сот отырысында қаза тапқан қыздардың бірі Томиристің әкесі алғаш рет сөз сөйледі, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ол соттан өзін жәбірленуші ретінде тануды сұрап, қызының өміріне әрдайым араласып, қамқорлық көрсеткенін айтты. Қызының қазасы туралы сөз қозғаған сәтте әке эмоциясын ұстай алмай, кейінгі үш айда дұрыс ұйықтамағанын жеткізді.
Сондай-ақ ол айыпталушыны кешірмегенін мәлімдеп, бұған дейін марқұмның анасы өтемақы алғаннан кейін талаптан бас тартқаны өз ұстанымына әсер етпейтінін айтты.
"Маған оның ақшасы да, байлығы да керек емес. Баламды қайтарып берсін", – деді ол сотта.
Марқұмның әкесі қорғаушылар тарапынан айтылған "айыпталушының отбасынан ақша алды" деген мәлімдемелерді де теріске шығарды.
Отырыстың қорытындысы бойынша сот оның өтінішін қанағаттандырып, ресми түрде жәбірленуші мәртебесін берді.
Еске салайық, әл-Фараби даңғылында болған жол апаты 21 наурызға қараған түні тіркелген еді. Тергеу мәліметінше, Zeekr көлігінің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапқан. Қазіргі уақытта іс сотта қаралып жатыр.