Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен аудынымыздың студент және жұмыссыз жастарын қосымша жұмыспен қамту және қоғамдық, еңбек белсенділіктерін нығайтуды жүзеге асыру, жастар бойында азаматтық және отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастыру мақсатында «Жасыл Ел» еңбек жасақтарын қалыптастырған болатын. Міне, жұмыс бастағандарына 1 айға жуық уақыт болған жастармен аудан әкімі Бақыт Асанов арнайы кездесу өткізіп, жасақтардың жұмыс барысымен танысты.
Өңір басшысы жаңадан құрылған ауданды көріктендіруге үлесін қосқандары үшін жастарға алғыс айтып, алдағы уақытта «Жасыл ел» еңбек жасақтарына жұмысқа алынатын жастардың санын көбейту керектігін атап өтті. Сондай-ақ, аудан орталығында жастардың дамуына қажетті әлеуметтік нысандарды, демалыс орындарын көптеп салу үшін жобалар жасалып жатқандығын айтты. Ол үшін аудан әкімі жастардың ұсынысын тыңдап, олардың талап-тілегіне құлақ салды.
Мақтааралдық жастар «Жасыл ел» еңбек жасағы қатарында бола отырып, ауданымыздың көріктендіру-абаттандыру жұмыстарына қатысуда. Атап айтқанда, Мырзакент пен Атакент кентінің орталық көшелерін, қоғамдық орындарын қоқыстан арылтып, шөп-шалаңдарын шабуда. Сондай-ақ, талдардың ағаштарын бұтап, әлеуметтік нысандарды, гүлзарлар мен саябақтарды ретке келтіруде.
Айта кетейік, қазіргі таңда 2 жасақта 50-ден аса жастар жұмыс істеуде. Олардың әрбірі арнайы формамен, құрал-жабдықтармен қамтылған және бір айлық жалақылары 55 000 теңге көлемінде.
Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі