Айжан Аймағанова Құрылтайдағы алғашқы екі аптаның қорытындысын айтты

Айжан Аймағанова Құрылтайдағы алғашқы екі аптаның қорытындысын айтты
Айжан Аймағанова. Фото: ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі

Қуандық Бишімбаев ісінде прокурор ретінде танылған Айжан Аймағанова Құрылтай депутаты қызметіндегі алғашқы екі аптаның қорытындысын бөлісті. Ол осы уақыт ішінде атқарған жұмыстары туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Аймағанова Құрылтайдағы Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитеттің мүшесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, осы уақыт ішінде заң жобаларының біріне қатысты жұмыс тобының отырысын өткізіп үлгерген.

Сондай-ақ депутат басқа заң жобалары бойынша құрылған бірнеше жұмыс тобының қызметіне қатысып жүргенін мәлімдеді.

"Сонымен қатар басқа заң жобалары бойынша бірнеше жұмыс тобының жұмысына қатысып жүрмін", – деді Аймағанова.

Алғашқы екі аптада депутат 18-ге жуық қазақстандықты жеке қабылдап, олардың мәселелері мен ұсыныстарын тыңдаған. Аймағанова алда атқарылатын жұмыс көп екенін айтып, өзі үшін ең маңыздысы – азаматтардың сенімін ақтау екенін жеткізді.

"Осы жылдар бойы азаматтар мен журналистер тарапынан үлкен қолдау сезіндім. Бүгін менде осындай мүмкіндік бар болса, оған сіздердің де үлестеріңіз бар деп есептеймін. Әрқайсыңызға шын жүректен алғыс айтамын!" – деді депутат.