Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жалған мемлекеттік нөмір пайдаланғандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Депутаттың айтуынша, жалған нөмір пайдалану елде жаппай құбылысқа айналған және оның салдары ауыр болып отыр.
«Осының кесірінен өте көп адам зардап шегеді. Тергеу барысында жол апатын жасаған адамның жалған мемлекеттік нөмір пайдаланғаны анықталатын жағдайлар өте көп», - деді Базарбек Мәжіліс отырысында.
Ол мұндай фактілер тек Алматыда емес, елдің басқа өңірлерінде де тіркеліп жатқанын айтты.
«Өте ұзақ уақыт бойы көптеген адамдар, соның ішінде ауқатты азаматтар мен олардың балалары жалған нөмір пайдаланып жүр. Соның салдарынан қарапайым азаматтар зардап шегеді, ал бюджет қомақты қаржыдан қағылады», - деді депутат.
Мәжілісмен қазіргі заңнама бұл мәселені толық қамтымайтынын атап өтті.
«Қылмыстық кодекстің жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты 345–351-баптары бұл қатынастарды реттемейді. Ал 386-бап тек мемлекеттік нөмірлерді қолдан жасау және сатқаны үшін жауапкершілікті қарастырады», - деді ол.
Депутаттың сөзінше, қазір жалған нөмір пайдалану әкімшілік құқықбұзушылық ретінде қаралады.
«Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590-бабы бойынша адамға 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл не деген сөз? Айыппұлын төлейді де, кете береді. Ал мұндай жағдайлардан адамдар қаза тауып жатыр», - деді Базарбек.
Қайталанған жағдайда 20 АЕК айыппұл немесе бір жылға жүргізуші куәлігінен айыру жазасы қарастырылған.
«Мүмкін бұл құқықбұзушылықты әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілік санатына ауыстыратын уақыт келген шығар?» - деді депутат.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов депутат көтерген мәселенің өзекті екенін мойындады.
«Шынында да, бұл мәселе өзекті. Көп жағдайда жалған мемлекеттік нөмірлерді күдіктілер мен қылмыстық элементтер мүліктік құқықбұзушылықтар жасау кезінде пайдаланады», - деді вице-министр.
Оның айтуынша, мұндай фактілер жол-көлік оқиғаларында да кездеседі.
«Жол апаттары кезінде жалған нөмір пайдалану фактілері бар. Қазір нөмірді қолдан жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген, алайда оны пайдалану мәселесі қосымша қарауды талап етеді», - деді Әділов.
Вице-министр депутаттың ұсынысы қаралатынын айтты.
«Сіздің ұсынысыңыз жұмысқа қабылданды. Қылмыстық заңнаманы қайта қарау аясында біз қазірдің өзінде заңгер-ғалымдармен және мемлекеттік органдармен жұмысты бастадық. Тиісті өзгерістер бірлесіп пысықталады», - деді Санжар Әділов.