Air Astana әуе компаниясының жолаушылар ұшағы Бакудегі "Гейдар Әлиев" атындағы халықаралық әуежайға қонуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оқыс оқиға 2025 жылдың 24 наурызына қараған түні болды. Тбилиси – Алматы бағыты бойынша рейс көкке көтерілді.
"Air Astana әуе компаниясының Airbus A321 әуе кемесінің капитаны Гейдар Әлиев атындағы халықаралық әуежайға қонуды сұрады. Бұған әуе бортындағы жолаушылардың бірінің денсаулығының күрт нашарлауы себеп болған. Ұшақ жергілікті уақыт бойынша 00.25-те әуежайға сәтті қонды", - деп жазады oxu.az Әзірбайжан порталы.
Жолаушыға оқиға орнында көмек көрсетіліп, кейіннен ол шұғыл ауруханаға жеткізу үшін жедел жәрдем бригадасына тапсырылды.
Ал кешіктірілген рейс жолаушылары қонақ үйге уақытша орналастырылғаны да нақтыланады.