Айман Талғатқызы Қытайға жасаған сапары кезінде қауіпті табиғи құбылыстың алдын алып, елден ертерек шығып кеткенін әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, Қытайға "Дельфин" тайфуны жақындап келе жатқаны туралы ақпаратты арнайы қосымша арқылы алдын ала білген. Осыдан кейін сапар жоспарын өзгертіп, билеттерін екі күн ертерек уақытқа ауыстырған.
"Біз қосымша арқылы осыны алдын ала біліп, екі күн ертерек билетті ауыстырып кетіп қалдық", – деді Айман Талғатқызы.
"Дельфин" тайфуны 9 тамызда Қытайдың шығысындағы Чжэцзян провинциясына жеткен. Жағалауға соққан кезде желдің жылдамдығы сағатына шамамен 151 шақырымға дейін жеткен.
Табиғи апат қаупіне байланысты Қытайдың шығыс бөлігінде миллионнан астам тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Шанхайда да ауқымды эвакуация шаралары жүргізілді.
Тайфун әуе және теміржол қатынасына да айтарлықтай әсер етті. Шанхайда 1300-ден астам рейс тоқтатылып, Ханчжоу әуежайындағы жүздеген рейс кейінге шегерілді.
Кейін Шанхайда рекордтық нөсер жауып, бір тәулікте шамамен 313 миллиметр жауын-шашын түскені хабарланды. Бұл кейінгі 150 жылдан астам уақыттағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болды.