Аграрлық аймақта машина жасау бизнесі қанаттаса дамуда

Dalanews 01 нау. 2017 04:39 951

Таяуда Петропавл қаласындағы Погодин театрының ғимаратында Солтүстік Қазақстан облысының əкімі Ерік Сұлтановтың халық алдындағы есебі өтті. Екі сағатқа созылған кездесу барысында облыс басшысының 2016 жылы атқарылған іс-шаралар қорытындысы мен болашақта атқарылар жұмыс жоспарлары тыңдалды. Кездесу барысында жұмыс істеген callcentre-ге 30 сұрақ келіп түссе, 20-дан астам солтүстікқазақстандық аймақ басшысына ашық микрофон арқылы сұрақтарын қойып, жауап алды. Облыс əкімінің есебіне ҚР Ақпарат жəне коммуникация министрі Дəурен Абаев қатысты.

Өңір басшысының ақпараты бойынша өткен жылы әлеуметтік-экономикалық дамуы оң серпін берген, макроэкономикалық көрсеткіштер өсімі қамтамасыз етілген.

2016 жылы 38,0 млрд. теңге кіріс жиналған. 2015 жылмен салыстырғанда өсім қарқыны 18,5 пайыз болды. Бюджеттің шығыс бөлігі 99,6 пайызға орындалды. Саланың үлесіне өңірлік жалпы өнімнің ширек бөлігі тиесілі. 2016 жылдың қорытындысы бойынша ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемі 1,8 пайызға өсті және 416,7 млрд. теңгені құраған. 2016 жылы облыс диқандары гектар берекелігін орташа есеппен 17,2 центнерге жеткізіп, 5,5 миллион тонна астық жинағанын осы есепті кездесуде айтылды. Өз кезегінде облыс басшысы Ерік Сұлтанов:

– Жыл сайын біз алыс және жақын шетелдерге 1,5 млн. тонна сапалы солтүстікқазақстандық астықты, 250 мың тонна ұнды, 150 мың тонна майлы дақылдардың тұқымын экспортқа шығарамыз. 2016 жылы ауылшаруашылығы өндірісіне демеуқаржы үшін бюджеттен 31,0 млрд.-тан астам  қаржы бөлінді, бұл 2015 жылғы деңгеймен салыстырғанда 1,8 есе көп.

Облыстың агроқұрылымдары жыл сайын мал шаруашылығы үшін 20 мың бастан астам ірі қара сатып алынды. Ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі картасы шеңберінде 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін сомасы 191 млрд. теңгеден асатын 64 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. 2016 жылы сомасы 7,8 млрд. теңге болатын 20 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 270 жұмыс орны ашылды, – деп Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылшаруашылығы саласында қол жеткізген табыстарды қысқаша баяндап берді.

Әдетте біздер Солтүстік Қазақстан облысы жайында әңгіме қозғағанда астықты өңір екеніне айрықша екпін беретініміз белгілі. Десек те, Тәуелсіздік жылдары Солтүстік Қазақстан облысы Қазақстандағы машина жасау кәсіпорындары дамыған аймақтардың көшін бастап келеді. Бүгінде елімізде құрастырылған көліктердің көпшілігі осы өңірден шығуда. Жалпы өңірдегі өнеркәсіп өндірісі көлемінің артып, өнім шығару көлемінің 1,7 есеге өсуіне «ЗИКСТО» АҚ-ның елеулі үлес қосқанын облыс басшысы есепті кездесуінде атап өтті. Кәсіпорын Үкіметтің қолдауы арқасында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен жасалған 15 млрд. теңге келісімшартының арқасында мүмкін болды. Сол сияқты өнім шығаруда «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ-да – 8 пайызға, «Казнефтегазмаш» АҚ-да – 43 пайызға, «Көпбейінді жабдықтар зауыты» ЖШС-інде – 29,3 пайызға, «Поиск» ВФ» ЖШС-інде 5,4 пайызға артқаны белгілі болды.


– 2010-2016 жылдары аралығында Индустриаландыру картасы бойынша 47 млрд. теңгеге 54 жоба іске қосылып, 2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары ашылды, соның ішінде 2016 жылы 8,8 млрд. теңгеге 9 жоба іске қосылды. Қазір кәсіпкерлікті қолдау  картасына 41 жоба енгізілді, оның жалпы сомасы 72 млрд. теңгені құрап отыр. Өткен жылы шілде айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен телекөпір кезінде Петропавл трактор зауыты іске қосылған болатын. Міне, содан бері кәсіпорын ауылшаруашылығы еңбеккерлеріне қажетті техникаларды шығарып, өңірдің машина жасау ісіне айтарлықтай үлес қосып келеді. Қазіргі таңда өндіріс ошағы жер жыртып, топырақ өңдейтін және түрлі коммуналдық қажеттіліктерге пайдаланылатын «К-704 «Батыр» тракторын шығарып келеді. Сонымен қатар өткен жылдың желтоқсан айында Елбасының қатысуымен Жалпыұлттық телекөпір барысында «Тайынша-май» ЖШС-нің майлы дақылдар өңдейтін зауытының бірінші кезеңі іске қосылғанын білесіздер. Жоба қытайлық «Айцзю» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылған болатын. Қазіргі таңда аталған кәсіпорындар қарқынды жұмыс істеп, облыс экономикасының алға басуына ықпал етіп келеді, – деді Ерік Сұлтанов.

Жиын барысында әкімнің есебіне назар аударғанымызда, 2017 жылы құны 7,6 млрд. теңге болатын 6 жоба іске қосылып, 300-ден астам жұмыс орны ашылатынын естідік. Таяу уақытта Сергеевка қаласында өз шикізатын пайдалана отырып, жылына 10 мың тонна қант шығаратын «Трансагроинвест» ЖШС-нің қант зауыты салынбақшы. Зауыт үстіміздегі жылдың соңында іске қосылып, солтүстік тұрғындарына өз тәттілерін ұсына бастайды деп жоспарлануда. Кәсіпорын іске қосылған кезде облыстың қантқа деген сұранысын 100 пайыз қанағаттандыратынын облыс басшысы алға тартты.

Бүгінде өңір басшыларының тиімді жұмыс істеп жатқанын инвестиция тарту ісімен бағалаудың маңызы зор болып тұрғаны белгілі. Егер СҚО әкімі Ерік Сұлтановтың жұмысына осы өлшеммен қарасақ, 2016 жылы оңды өзгерістер орын алғанын бірден байқауға болады. Өткен жылы облыс экономикасына 165,7 млрд. теңге инвестиция тартылып, сырттан тартылған қаржы экономикалық дамуға негіз болғанын байқауға болады. Сырт елдерден инвестиция тартуда СҚО қандай елдермен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатқанын әкім өзі баяндап берді.

– Былтыр Астана қаласында 33 дипломатиялық миссияның жетекшілерімен бизнесланч өткіздік. Осы кездесудің нәтижесінде Эстонияның, Германияның, Малайзияның, Швецияның, Қытайдың, Ресейдің және басқа да елдердің іскер топтарының өкілдері облысымызға іс-сапармен келіп, ынтымақтастықтың мүмкін бағыттарын талқылады. Жекелеген бағыттар бойынша қазірдің өзінде бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Инвесторлар үшін негізгі қызығушылық агроөнеркәсіптік кешен мен ауылшаруашылығы машиналарын жасау салалары болып табылады, – деді облыс басшысы.

Облыстың тағы бір ауыз толтырып айтатын жетістігі – Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлерге демеуқаржы беру бойынша қол қойылған келісімдер саны жағынан еліміз бойынша өңірлер арасында топ бастап тұрғанын атап айтуға болады. Осылайша Солтүстіктің кәсіпкерлері бизнестерін дамыту үшін мемлекеттік қолдау тетіктерін белсенді пайдалануда. «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020», «Агробизнес – 2020», «Өнімділік – 2020», «Экспортер – 2020», тағы басқа салалық және үкіметтік бағдарламалар сәтті жүзеге асып жатқанын әкімнің есебінен білдік.

Өз баяндамасында Ерік Сұлтанов: «Біз үшін жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және жаңғырту маңызды мәселе болып қала береді», – деп инфрақұрылымды дамыту биыл да жалғасатынын алға тартты. 2016 жылы ұзындығы 143 шақырым «Астана – Петропавл» автожолын жаңарту жұмыстары аяқталғаны белгілі. Сол сияқты жергілікті маңыздағы 385 шақырым автожол 6,8 миллиард теңге қаржы жұмсалып жөнделгенін де айта кетуіміз керек. Сонымен қатар, өткен жылдың желтоқсан айында Петропавл қаласының әуежай терминалы және ұшу-қону жолағын жаңарту жұмыстарынан кейін пайдалануға беріліп, жолаушыларға сапалы қызмет көрсете бастады. Петропавл қаласындағы әуежай Ресей, Еуропа және Азия елдерінің компаниялардың жүктерін транзиттеу үшін географиялық тұрғыдан тартымды аймақта орналасқан. Сондықтан болашақта Солтүстік Қазақстан облысы алып әуе лайнерлері түйіскен орталық болып жатса, таңғалудың қажеті жоқ.

Әкімнің есебін тыңдағанда өңірде әлеуметтік мәселелерді оң бағытта шешімін тауып келе жатқанын байқадық. Қарапайым халықты баспанамен қамту саласында бірқатар жұмыстар атқарылғанын айрықша атап айтуға болады. Айталық, 2016 жылы өңірде 619 пәтерлік 7 тұрғын үй, сондай-ақ, «СевКазЭнерго» АҚ қызметкерлеріне арналған 90 пәтерлік бір үй салынған. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жұмысшы жастарға арналған 5 қызметтік тұрғын үй және облысымыздың бес ауданында 135 пәтерлік 6 жатақхана пайдалануға беріліпті. Ал «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның салымшылары және жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған тұрғындар үшін 834 пәтерлік 10 тұрғын үйдің құрылысы басталып, оның үшеуі былтыр пайдалануға берілген. Қалған 7 үйдің құрылысы (келісімшарт міндеттемелері бойынша) 2017 жылы аяқталады деп күтілуде.

«2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде екі елдімекенде сумен жабдықтау жақсарып, екі ауылға ауызсу берілген. Осылайша өткен жылы ауылдардың орталықтандырылған суға қолжетімділігі 56 пайызға дейін өскен (2015 жылдың соңында 55,8 пайыз). Бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыруда қолданыстағы тозығы жеткен сумен жабдықтау желілерін 2020 жылға дейін 72 пайыздан 60 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік туған. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2017 жылы 683 миллион теңгеге Петропавл қаласында су тарту бойынша 6 жобаны жүзеге асыру басталады.

– 2015 жылы жаңарту барысында жылу-электр орталығында құны 5,6 миллиард теңгенің №1 трубоагрегаты іске қосылды. Аталмыш турбина электр қуатын 63 МВт-қа (479 МВт-қа дейін) арттырды. Өткен жылы құны тиісінше 3,4 және 6,6 миллиард теңге болатын №12 жылыту қазандық агрегаты және №5 турбиналық агрегатын іске қосу белгіленген қуаттылықты 479-дан 541 МВт-қа дейін арттыруға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта жылу желілерін жаңарту жобаларын одан әрі жүзеге асыру 2020 жылы құбырлардың тозуын 62 пайызға дейін төмендетуді көздеп отырмыз, – деді облыс басшысы.

Әлеуметтік сала бойынша маңызды мәселе саналатын бүлдіршіндерді балабақшамен қамту ісі Солтүстік Қазақстан облысында толықтай шешілді десек болатындай. Өңірде білім беру саласында 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқумен қамту 98 пайызға жеткен. Сол сияқты үш ауысымдық білім беру мәселесін түбегейлі шешу мақсатында «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде облысқа қарасты аудандарында екі жаңа мектептің құрылысы аяқталған. Осылайша өңірде 2016 жылы үш ауысымдық және апаттық мектептер мәселесі толығымен оң шешімін тапқан.

– Жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы есебінен Қызылжар ауданының Бәйтерек ауылында 300 орындық мектептің құрылысы аяқталған. Компьютерлік технологиялардың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 2016 жылы компьютерлерді жаңартуға және бір мыңнан астам компьютерді сатып алуға бюджеттен 100 млн. теңге бөлінді. Қазір 5 оқушыға 1 компьютерден келіп отыр. Облысымыздың 26 мектебінде IT-технология енгізу үшін 2016 жылдың 1 қыркүйегінен бастап робототехника курсы өткізіле бастады. 107 робот жиынтығы сатып алынып, 1500 оқушыны қамтып отырмыз. 2017 жылы елімізде Мемлекет басшысының «Барлығы үшін тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын іске асыра бастаймыз, – деді әкім.

Өткен жылы денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 20 пайызға артып, 25 млрд. теңгеге жетіпті. 2016 жылы медициналық ұйымдарды жөндеу мен материалдық-техникалық базасын нығайтуға 1,2 млрд. теңге бөлінген.

Ал халықты жұмыспен қамту саласында  2016 жылы 23 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, 11,5 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Қолданылған шаралардың нәтижесінде облыс бойынша жұмыссыздық деңгейі 2016 жылдың үшінші тоқсанында 4,9 пайызды құрады.

Әкім есебіне құлақ қойып тыңдағанымызда, облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жыл өткен сайын дамып келе жатқанын байқадық. Есепті кездесуде облыс басшысы Ерік Сұлтанов мырза Мемлекет басшысы атап көрсеткен маңызды бағыттарды басшылыққа алып, өңірді өркендету жолындағы жұмыстардың қарқынын бәсеңдетпейтінін айтты.

Нұрлан ӘУБӘКІР

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар