АЭС салу ісінде ғылыми-техникалық қолдау неге маңызды? Сарапшы жауап берді

Сағыныш Сардарова 21 мау. 2025 19:50

Жуырда Қазақстандағы алғашқы АЭС-ті салу бойынша жол картасы бекітілді. Осы орайда Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев маңызды сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

– Атом электр станциясын салуға ғылыми-техникалық қолдау нені қамтиды және ол неге соншалықты маңызды?

Ғылыми-техникалық қолдау дегеніміз – бұл атом электр станциясы жобасының барлық кезеңін тәуелсіз сараптау және ұйымдастыру. Бұл тек бақылау емес, жобалық шешімдерді талдау, тәуекелдерді модельдеу, есептеулерді тексеру және АЭХА (Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік) ұсынған халықаралық стандарттардың сақталуын бақылау сияқты жұмыстарға ғалымдар мен техникалық мамандардың терең қатысуы. Онсыз жобаның нақты қауіпсіздігі мен орнықтылығы туралы айту мүмкін емес. Ғылыми-техникалық қамтамасыз ету алаң таңдау кезеңінен бастап, пайдалануға берілгенге дейінгі барлық процесті қамтиды. Бұған радиациялық қауіпсіздік, кадр даярлау, реттеуші органдарға арналған құжаттамамен жұмыс та кіреді. Әсіресе, АЭС алғаш рет салынатын елдерде бұл қолдау ішкі және халықаралық деңгейде ашықтық пен сенімді қамтамасыз ететін маңызды кепілге айналады.

– Қазақстанда осындай қолдауды қамтамасыз ету үшін қандай тәжірибе мен ғылыми әлеует бар?

Қазақстанның негізі берік – бұл тәуелсіздік жылдарында қайта қаралып, дамытылған ядролық мұра. Елде мықты ғылыми орталықтар бар: Алматыдағы Ядролық физика институты мен Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталық. Олар ондаған жыл бойы тек теориямен емес, нақты зерттеулермен айналысып келеді. Біз халықаралық жобаларға қатысып, нақты объектілермен, оның ішінде зерттеу реакторларымен жұмыс істедік, материалдарға сынақ жүргіздік, радиациялық бақылау мәселелерін зерттедік. Қазақстандық ғалымдар халықаралық талаптарды жақсы меңгерген, АЭХА-мен жұмыс тәжірибесі бар және процесті жай ғана бақылап қоймай, ғылыми ұстаным қалыптастырып, оны қорғай алуға дайын. Бұл әсіресе шетелдік технология жеткізушілермен жұмыс істегенде маңызды. Ел ішінде технологиялық шешімдерді тең дәрежеде талқылай алатын және қажет болған жағдайда қатаң сұрақтар қоятын ғылыми орталық болуы тиіс.

– Бұл жұмыста Ядролық физика институты қандай рөл атқара алады?

Ядролық физика институты – Қазақстандағы практикалық ғылыми сараптаманың басты орталықтарының бірі. Оның мүмкіндіктері шынымен бірегей: мұнда ССР-Қ ғылыми зерттеу реакторы, радиациялық сынақ жүргізуге арналған зертханалар, радиоактивті шығарындыларды талдау, штаттан тыс жағдайларды модельдеу, халық пен қоршаған ортаны қорғау әдістемелерін әзірлеу мүмкіндіктері бар. Маңызды артықшылықтарының бірі – институттың АЭС жобалаушылары ұсынған есептеулерге тәуелсіз верификация жүргізу қабілеті. Бұл дегеніміз – шетелдік тарап ұсынған кез келген сандар мен модельдерді біздің өз ғалымдарымыз қайта тексере алады. Сондай-ақ институт ядролық қауіпсіздік, радиациялық бақылау, дозиметрия бойынша мамандар даярлауға қатыса алады – бұл тек болашақ станция үшін емес, бүкіл сала үшін қажет. ЯФИ-дің беделі халықаралық деңгейде мойындалған, яғни бұл Қазақстанның халықаралық сарапшылармен тең дәрежеде сөйлесе алатынын білдіреді.

– Бүгінде Қазақстан үшін атом энергетикасын ғылыми-техникалық сүйемелдеудің қандай бағыттары өзекті?

Бүгінде Қазақстан атом жобаларын ғылыми-техникалық сүйемелдеуді дамытуды негізгі бағыттардың бірі ретінде қарастырып отыр. Мұнда кешенді тәсіл маңызды рөл атқарады: жоғары білікті мамандар даярлау мен ғылыми базаны нығайтудан бастап, бейінді институттар, техникалық ұйымдар мен реттеуші органдар арасындағы тұрақты өзара әрекеттестік жүйесін құруға дейінгі жұмыстар. Атап айтқанда, техникалық шешімдерге тәуелсіз сараптамалық баға беру мәселелеріне ерекше назар аударылуда. Бұл халықаралық қатысумен жүзеге асырылатын жобалар үшін аса өзекті. Осы орайда, отандық ғылыми ұйымдардың жобалық параметрлерді, есептеулерді және қауіпсіздік негіздемелерін талдауға қатысуы аса маңызды. Сондай-ақ, халықаралық ынтымақтастық, тәжірибе алмасу, сондай-ақ қоғамның ядролық энергетика мәселелеріндегі ашықтығы мен хабардарлығын арттыруға бағытталған ғылыми-ағартушылық жұмыс та өзекті. Мұның барлығы елімізде атом саласын қолдаудың заманауи, орнықты әрі қауіпсіз жүйесін қалыптастыруға септігін тигізеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар