Ресейлік экобелсенді Владимир Сливяк Қазақстанда АЭС құрылысына байланысты шешім Путиннің құйтырқы саясатының бірі екенін еске салды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, бұл арқылы Ресей діттеген мақсатына бір табан жақындайды.
“Путиннің ойынша, бұрынғы Кеңес Одағының аумағы Ресейдің бақылауында болуы керек. Ал атом электр станцияларының Қазақстанда бой көтеруі осы жоспарды жүзеге асырудың қолайлы тәсілі. Мәселен, Тәжікстан мен Қырғызстанда да атом электр станцияларына байланысты келіссөздер жүргізіліп, құжаттарға қол қойылғанын білеміз. Бұл геосаясатпен айналысатын әрі айналасындағы елдерді қарамағында ұстағысы келетін кез келген мемлекет басшысы үшін өте ыңғайлы құрал. Яғни, Ресейдің жанармайына, технологиясына, мамандарына деген ұзақ мерзімді тәуелділік артады ”, - дейді экобелсенді.
Айта кетейік, бүгінде елде АЭС-ті қолдау үшін Халық штабы құрылды. Сонымен қатар қорқуға негіз жоқ деп ұрандатқан саяси тұлғалар да бұған қатысты жеке ойларын білдіріп жатыр.
Мысалы, белгілі саясаткер, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи өзіне жеткен инсайдерлік ақпарат бойынша елімізге қай мемлекет АЭС салатынынан хабары барын айтып, халықты үрейленбеуге шақырды.
“Біріншіден, қоғам білмей жатқан бір мәселе: атом электр станцисының құрылысына Қазақстанның бюджеттік қаржысы кетеді, «оны жемқорлар тонайды» деген түсінік бар. Бұл Қазақстанның ақшасы емес, бұл Бүкіләлемдік банктің несиесінен салынады. Әрине, бізде сыртқы қарыз бар. Дегенмен бұл - бізге өте пайдалы, тиімді қаржыландыру көзі. Сондықтан Қазақстанның, бюджеттің ақшасы кетеді деген қорқыныш болмауы керек, бұл ұзақ жыл қайтарылады, инвесторға 30-40 жылдың маңында қайтатын ақша. Екіншіден, бізде қоғам тарапынан қауіптің бәрі жемқорлыққа келіп тіреледі ғой. Қарсы болып жатқан халықтың көпшілігі атом электр станциясының өзіне қарсы емес, игеру мәселесіне, біздегі жүйеге қарсы.
...Маған жеткен инсайдерлік ақпарат бойынша оны (АЭС-ті) кім салатынын білемін. Егер Қазақстанға қажетсіз бір ел салатын болса, бұл мәселеге қарсы болатын едім», - деді Ермұрат Бапи "Жетінші студияға".
Депутат Елнұр Бейсенбаев “Балқаштың суы бүлінеді” деуге де ешқандай негіз жоқ екенін мәлімдеді.
“Тағы бір мәселе, үрей бар. Атом электр станциясы Алматы облысында Балқаштың төңірегінде салынады. Қоғамда «Балқаштың төңірегінде салынады, Балқаштың суын пайдаланады, ертең Балқашқа қайтадан осындай су құйылады, температурасын көтеріп жібереді, фауна өзгереді» деген үрей бар. Олай емес. Оған арнайы су дайындалады. Ол Балқаштан алынуы мүмкін, жерасты суы алынуы мүмкін. Оның өзінің арнайы минералдану процесі болады. Содан кейін атом электр станциясынан су бөлініп шықпайды. Ол буланып кетеді.
Өткенде мамандар да айтты. Қазіргі реакторлар сусыз жұмыс істей береді, көп су қажет емес. Оны Үлкен ауылының маңында саламыз деген ой бар. Бұл - зерттелген жоба”, - деді Елнұр Бейсенбаев.