АЭС бойынша референдумда дауыс беру кабинасына екі адам кіруге бола ма?

Көркем Алдабергенова 04 қаз. 2024 16:06 3528

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров егер екі адам дауыс беру кабинасына кірсе, ол заңбұзушылық болып саналады ма деген сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Орталық референдум комиссиясының отырысында өткен брифинг барысында Петров Конституциялық заңда әркім жеке дауыс беретіні белгіленгенін атап өтті. Демек, "учаскеде кабинаға екеуден жаппай кіру жағдайы болмауы керек".

"Ерекше жағдай дауыс берушінің өзі дауыс бере алмайтын кезде болуы мүмкін. Бірақ мұны референдумның учаскелік комиссиясы бекітеді. Яғни, көмекшіге жүгінеді. Олар жергілікті органның лауазымды тұлғасы немесе бақылаушы болмауы керек. Басқа сайлаушы болуы мүмкін. Бұл бір ғана ерекше жағдай", - деп түсіндірді Петров.

Айта кетейік, АЭС құрылысы бойынша референдум 6 қазанда өтеді. 

Бұған дейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин атом электр станциясының құрылысына қатысты референдум төңірегінде пікір білдірген болатын. 

Қарин 400 күнге созылған ақпараттық-түсіндіру жұмысы ел тарихындағы ең ұзақ науқан екенін айтты.

«Бүгін елімізде Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты референдум аясында тура 400 күнге созылған ақпараттық-түсіндіру жұмысы аяқталады. Оны Қазақстанның саяси тарихындағы ең ұзақ науқан деуге толық негіз бар. Неге 400 күн? Себебі Мемлекет басшысы референдум өткізу туралы идеясын былтыр, яғни 2023 жылғы 1 қыркүйекте кезекті Жолдауында айтты. Дәл сол күні референдумға қатысты ауқымды жұмыс басталды деуге болады», - деді ол.

Мемлекеттік кеңесші осы уақыт ішінде әр аймақта қоғамдық тыңдау ұйымдастырылып, ақпарат кеңістігінде сарапшылар мен қоғам белсенділері жан-жақты пікір алмасқанын, осы науқан байсалды түрде, өзара түсіністік жағдайында өткенін мәлімдеді.

«Рефендум кезінде еліміздегі қоғамдық күштер алғаш рет саяси емес, экономикалық мүдде тұрғысынан күш-жігерін біріктіргенін атап өткен жөн. «Amanat» партиясының бастамасымен 6 саяси партия және 20-дан астам қоғамдық бірлестік Атом электр стансасын салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб құрды. Штаб мүшелері барлық өңірдің тұрғындарымен кездесу өткізді, оған энергетика саласының жетекші сарапшылары мен мамандары қатысты. Осылайша, азаматтарымыздың Қазақстанда атом энергетикасын дамытуға қатысты байыпты тоқтамға келуіне мүмкіндік берілді», - деді Қарин.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар