Заңгер Дәулетхан Ахметов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, Молдахан Әділетханға қатысты қылмыстық істі бақылауға алуды сұрады. Оның сөзінше, Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында қаралып жатқан қылмыстық іс барысында прокуратура айыпты өзгертуге әрекет еткен, сондықтан істің заң аясында қаралуына қатысты күмән туындаған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ахметовтің айтуынша, 3 шілде күні Қылмыстық кодекстің 274-бабының 2-бөлігі 3-тармағы бойынша айыпталған Молдахан Әділетханға қатысты үкім жариялануы тиіс болған. Алайда сот отырысы созылып, кейін қосымша полиция қызметкерлері шақырылған. Сондай-ақ оның сөзінше, сотқа келген журналистердің залға кіруіне мүмкіндік берілмеген.
Заңгердің мәлімдеуінше, сот процесі барысында прокуратура айыпты Қылмыстық кодекстің 274-бабының 3-бөлігіне ауыстыруды талап еткен. Ол мұндай талаптың заңға қайшы екенін айтып, қылмыстық іс алғашында 274-баптың 2-бөлігі бойынша тіркелгендіктен, үкім де сол бап аясында шығарылуы қажет деп есептейді.
“Іс бастапқыда Қылмыстық кодекстің 274-бабының 2-бөлігі бойынша қаралды. Сондықтан үкім де сол баппен шығуы керек еді. Бірақ прокуратура ешқандай негізсіз 274-баптың 3-бөлігін қолдануды талап етіп отыр”, – деді Ахметов.
Оның айтуынша, сот барысында Қылмыстық кодекстің 54-бабын, яғни жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайларды қолдану мәселесі де көтерілген. Алайда заңгер бұл үшін қажет дәлелдер жоқ екенін айтты.
Ахметовтің пікірінше, прокуратура сот үкімі шықпай тұрып айыпты өзгертуге әрекет жасап отыр. Ол мұны заң талаптарына сәйкес келмейтін жағдай екенін жеткізді.
Сонымен қатар заңгер 274-баптың 3-бөлігін қолдану үшін мемлекетке, ұйымға немесе азаматтарға ірі залал келтірілгені дәлелденуі тиіс екенін айтты. Оның сөзінше, бұл істе мұндай залал анықталмаған.
Ахметов Молдахан Әділетхан өзіне қатысты айтылған жайттардың бір бөлігін жоққа шығармайтынын да жеткізді.
“Әділетхан бұрынғы полиция қызметкерлеріне қатысты айтқанын мойындап отыр. Ол мұны жасырмайды. Бірақ бұл басқа, ауырлау айып тағуға негіз болмауы керек”, – деді заңгер.
Сондай-ақ ол жол-көлік оқиғасынан кейін қызметінен босатылған екі полиция қызметкерінің жұмыстан шығарылуына Әділетханның қатысы болмағанын айтты. Заңгердің сөзінше, оларды ішкі істер органдары өз шешімімен қызметтен босатқан.
Ахметов Әділетханның кәмелетке толмаған үш баласы бар екенін атап өтті. Сондықтан сот барлық мән-жайды жан-жақты ескеріп, әділ шешім қабылдауы қажет деп санайды.
Үндеу соңында заңгер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан іске назар аударуды сұрап, Қазақстанда әділ сот қағидаты сақталуы тиіс екенін айтты.